Мұсылмандарға арналған криптовалюта жасалуы мүмкін
Криптовалюта халал банкингтің құралы ретінде қолданылу мәселесі ислам қауымдастықтары арасында талқылаудан өтті. Бұл туралы Қазанда ғалымдар мен қаржыгерлердің қатысуымен өткен конференцияның қорытындысында Ресей муфтаттар кеңесінің жетекшісі Мадина Калимуллина айтты.
«Жаңа криптовалюта халал сипатында болуы тиіс. Әзірге шариат стандарттары бұл мәселені қамтымайды, алайда алдағы екі-үш жылдың ішінде ол жасалуы әбден мүмкін», - деді Калимуллина.
Сарапшы маман қазіргі кезде бірқатар мұсылман мемлекеттерде биткойнға арналған биржалардың пайда болғандығын атап өтті. Мәселен, БАӘ-де жасалған BitOasis Кувейт, Бахрейн және Сауд Аравиясында қызмет саласында қолданылуда.
Мадина Калимуллинаның айтуына қарағанда, аталған қаржы тетігінің бірыңғай реттеушісінің болмауы криптовалютаны қолдануға қолбайлау болып отыр.
«Биткойнға қарсы негізгі аргументтердің арасында - тәуекел деңгейінің жоғары болуы (майсир) мен белгісіздік (гарар) және нақты активтер мен мемлекеттік кепілдердің болмауы жағдайлары бар»,- деді ол.