Музей қызметкерлері американдық антрополог ғалыммен кездесті - БҚО
ОРАЛ. 21 маусым. ҚазАқпарат - 20 маусым күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ғалым, антрополог Пол Тайлор мырзаның БҚО музей қызметкерлерімен кездесуі өтті. Шараға облыстық тарихи-өлкетану музейі және оның филиалдарының, табиғат және экология музей-үйінің, сондай-ақ Ғ.Тоқай музейінің қызметкерлері қатысты.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінен Айсұлу Нысанованың хабарлағанындай, АҚШ-тың Вашингтон қаласында орналасқан Смитсонов музей кешенінен іссапармен арнайы келген П.Тайлор мырза «Музейге келушілерді тарту және оның әдіс-тәсілдері» тақырыбы төңірегінде ой өрбітті. Смитсонов музей кешені, ұлттық бағдарламалар, фольклорлы фестивальдар туралы ақпараттар берді. Пол Тайлор музей қызметкерлерінің «Музейге келушілерді қандай санаттарға бөледі?», «Жаңа келушілерді немесе келушілердің түрлі топтарын тарту үшін не қажет?», «Музейге келушілер үшін музей жұмыс кестесінің уақыты тиімді деп есептейсіз бе?» деген сұрақтарына жауап берді. «Бүгінгі таңда Қазақстанда ел өмірін, тұрмыс-салтын, тарихы мен мәдениетін, білімі мен ғылымын, тағы басқа да салаларын қамтитын 90-ға жуық мемлекеттік музей жұмыс жасайды екен. Солардың арасында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің алар орны ерекше. Қазіргі кезде Қазақстан музейлері әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, жұмыс жүргізуде. Соның ішінде көпшілікпен жұмыс, қор, экспозиция, ағарту жұмыстары да үлкен маңызға ие», - деп ерекше атап өтті.
Кездесу музей экспозициясымен танысумен аяқталды.