10:14, 24 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мюнхенде Қазақстан экономикасының Бавариядағы күні өтті
АСТАНА. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжановтың Бавария федеральды жеріне жұмыс сапары өтті.

Сапар барысында елші Баварияның экономика, инфрақұрылым, көлік және жер технологиясы министрі Мартин Цайльмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тараптар Қазақстан мен Баварияның арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жағдайы туралы пікір алысты, сондай-ақ қарым-қатынасты әрі қарай дамытудың кемел келешегін талқылады. М.Цайль Қазақстанның даму қарқынын атап көрсете келе, қаржы дағдарысын жеңу жөніндегі Қазақстан басшылығы қабылдап жатқан шараларға жоғары баға берді. Кездесу қорытындысы бойынша алдағы көктемде министрліктің баспасөз хатшысы Кати Хессельдің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру және сапар аясында баварлық кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Сол күні Мюнхенде Қазақстан экономикасының Бавариядағы күні өтті. Қазақстан Елшілігі, Мюнхен мен Жоғары Баварияның Сауда-өнеркәсіптік палатасы, Баварияның Эономика және көлік министрлігі бірлесіп ұйымдастырған бұл шараға ірі баварлық кәсіпорындардың 70-ге жуық басшылары қатысты. Қазақстан Елшісі оларды Қазақстандағы саяси және экономикалық ахуалмен, қазақстан-герман ынтымақтастығын әрі қарай дамытудың перспективасымен және баварлық кәсіпкерлер мүдделі іскерлік мүмкіндіктермен таныстырды.