Н. Ермекбаев пен Н.Патрушев ШЫҰ мен ҰҚЫҰ аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 11-12 қараша күндері Президент көмекшісі - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев Мәскеуде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының үшінші кездесуіне, сондай-ақ Қазақстан және Ресей Қауіпсіздік кеңестері аппараттарының арасындағы екіжақты кеңестерге қатысты.

Н. Ермекбаев пен Н.Патрушев ШЫҰ мен ҰҚЫҰ аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылады

ТМД елдері өкілдерінің кездесуі барысында халықаралық лаңкестік ұйымдарға қарсы бірлескен іс-қимылдар жүргізу, сондай-ақ ТМД елдері құзыретті органдарының заңсыз көші-қонға қарсы күрес жүргізудегі ынтымақтастық бойынша пікір алмасу өтті.

Н.Ермекбаев шетелдік әріптестермен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, олармен аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды проблемаларын талқылады. Тұрақты қазақстандық-ресейлік кеңестердің барысында Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы ресейлік әріптесі Николай Патрушевпен келіссөздер өткізді.

Тараптар Қазақстан мен Ресейдің ШЫҰ мен ҰҚЫҰ аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін, қорғаныс саласындағы екіжақты ынтымақтастық болашағын, сондай-ақ екі елдің құқық қорғау органдарының байланыстарын одан әрі дамыту мәселесін талқылады.

Талқылау қорытындылары бойынша алдағы кезеңде бірінші кезектегі шаралар белгіленді.

Кезекті қазақстандық-ресейлік кеңестер 2016 жылы біздің елімізде өткізілетіні күтіліп отыр.