Н.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінде күрделі мәселелерге қатысты салмақты мәлімдеме жасайды - Қ.Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінде күрделі мәселелерге қатысты салмақты мәлімдеме жасайтын болады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары съезі Хатшылығының XIV отырысы барысында мәлім болды.
Отырыс барысында Англикан шіркеуінің өкілі, Бэдфорд Епископы Ричард Аткинсон сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевқа осынау ауқымды бастамасы үшін алғысын жеткізген болатын. «Мен өз сөзімде мынаны айтқым келеді: бейбітшілік пен келісім орнату үшін бұл мәселелер ең алдымен диалогқа негізделуі шарт. Ал ондай диалог ашық болып, күрделі мәселелер күн тәртібіне қойылса, игі. Диалог қатысушылары осындай күрмеуі қиын мәселелерді шешуге ұмтылулары керек. Егер шешімін таппай отырған күрделі мәселелерге жоламай, саяси өзара сыйластыққа иек артып кетсек, онда біз өзімізді алдаған болатын едік. Сонымен қатар біздің алдымызға жүктелген міндеттер де осындағы өкілдіктердің деңгейіне сай болуы тиіс», - деп атап өтті Р.Аткинсон. Өз кезегінде Хатшылық басшысы, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пікірі үшін Епископқа алғысын айтты. «Сіздің пікіріңіз маған да жақын. Менің білуімше, Қазақстан Президенті осы сіз айтып отырған күрделі мәселелер жөнінде салмақты мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр. Оның үстіне, бұл мәселе алдағы съездің күн тәртібінің бір бөлігі. Менің ойымша, бірінші пленарлық отырыс пен одан кейінгі кезеңде осы мәселелер қозғалатын болады», - деді Қ.Тоқаев.