Н.Назарбаев Бейжіңге осы жолғы сапары несімен таңғалдырғанын айтты

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қытай халқының жапондық басқыншыларға қарсы күресі соғысындағы Жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты парады қарсаңында қытай тарапының Бейжіңнің тазалығын қамтамасыз етуге аса күш-жігер салғаны таң қалдырған. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Дяоюйтай» Қытай мемлекеттік резиденциясындағы баспасөз мәслихатында айтты.
None
None

«Пекиннің тап-тазалығы. Мына шараны (қытай халқының жапондық басқыншыларға қарсы күресі соғысындағы Жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты парад - ред.) өткізу үшін бұлар өте көп күш жұмсап, Бейжің төңірегіндегі зауыттарды тоқтатып, бейжіңдік жұмыскерлердің барлығына демалыс беріп, осы күндері қаланың ішінде жеңіл көліктің жүруін шектеді, қала тазалығын қамтамасыз етті. Бұл таңқаларлық нәрсе. Егер де Қытай мемлекеті бір нәрсені қолына алса, ол оны таңқаларлық етіп жасайды», - деді Мемлекет басшысы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап беру кезінде.

Сонымен қатар Н.Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен ресми кездесу рәсімі туралы айтты.

«Кездесудің өзі өте өзгеше жағдайда өтті. Әрине, мен ресми мемлекеттік сапармен келдім. Сонда да өздеріңіз көрдіңіздер, зеңбіректен оқ атылды, кішкентай балалар жиналды. Мұндай үлкен көңіл бөлгені әрине, үлкен әсер қалдырады», - деді Елбасы.

Дегенмен, Н.Назарбаев ҚХР туралы өзінің жақсы білетінін, сондай-ақ екі ел басшыларының жыл сайын өзара іссапарлармен барып-келіп тұратынын еске салды.

«Мәселелерді тығыз өзара байланыста шешіп отырамыз. Бұл бізге өте қажет. Қытай біздің ірі сауда-экономикалық әріптестеріміздің әрі көршілеріміздің бірі. Сондықтан бұл елмен жақын қарым-қатынас Қазақстан үшін барлық жағынан өте тиімді», - деді Президент.

Баспасөз мәслихаты соңында: «Мұнда тағы қандай өзгерістер болып жатқаны туралы бізге сен айтып бер. Сен осында істеп жүрсің, оны күнде көріп жүрсің», - деп қалжыңдады Елбасы ҚазАқпараттың Бейжіңдегі тілшісіне.

Еске сала кетейік, Н.Назарбаев Қытайға жасаған мемлекеттік сапары аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньмен және Мемлекеттік кеңесі Премьері Ли Кэцянмен, сондай-ақ қытайлық іскерлік және қаржылық топтар өкілдерімен кездесті.

Соңғы жаңалықтар