Н. Назарбаев чехиялық кәсiпкерлерді Қазақстанда тұрғын үй құрылыс зауыттарын салуға шақырды

«Бiз Қазақстанда тұрғын үй құрылысын және барлық коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасын қолға алып жатырмыз. Бұл үлкен жұмыс, оған қыруар қаражат бөлудемiз. Қазақстанда арзан, ыңғайлы, жылы, бiздiң ауа райына бейiмделген тұрғын үй құрылыс зауыттары қажет. Осы салаға Сiздердi шақырамыз», - дедi Президент.
Оның айтуынша, чехиялық кәсiпкерлер инвестиция құя отырып, Қазақстан нарығына ғана емес, бiрнеше елдерге тауар сатуға мүмкiндiк алатын болады.
«Өз тауарларын сатқысы келетiн чехиялық бизнесмендердi мен түсiнемiн. Сондықтан өндiрiстi Қазақстанда орнатуды ұсынамын. Сiздерге Орталық Азия, Ресей, Батыс Қытай нарықтары ашылады. Мәселен, автокөлiк құрылысын жасауға болады. Джон Дир сынды америкалық және немiс ауыл шаруашылығы техникаларын шығарушы компаниялар, ВАЗ, КамАЗ сынды ресейлiк автокөлiк құрастырушылары солай iстеп жатыр. Қорғаныс саласындағы өндiрушiлерге де мүмкiндiктер бар. Тауарларды шығарып, пайда көруге, нарыққа кiруге жағдай жасалған. Нағыз iстер жасалуы керек, бiз оны қолдаймыз», - деп атап өттi Елбасы.
Айта кетейiк, елiмiзге Чехия Республикасының Президенті М. Земан мемлекеттiк сапармен келген болатын. Осыған орай Астанада Қазақстан-Чехия бизнес-форумы өттi. Бұл шараға энергетика, медицина, машина жасау, химия өнеркәсiбi және басқа салаларда жұмыс жасайтын 70-ке тарта чехиялық компаниялар қатысты.