Н. Назарбаев ЕЭК жұмысының саяси сипатқа ие болып, КО регламенті қағидаттарының бұзылып отырғанын айтты
МИНСК. 24 қазан. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерінің жұмысы саяси сипатқа ие және қол жеткізілген уағдалстықтарға қарамастан Ресей үкіметінің тапсырмасын орындауға бағытталған. Минск қаласында өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді .
«Комиссия жұмысында жұмысты саясиландыру, интеграциялық үдерістерді тереңдетуге бағытталған күшті бекер шашу анық байқалады. Комиссия тарапынан жұмыс регламенті қағидаттарын бұзуға жол бермеу керек. Көп жағдайда комиссиядан келісу үшін құжаттар қажетті шешім қабылдауға бір күн қалғанда келіп түсіп жатады. Алқаның ресейлік мүшелері Ресей үкіметінің отырыстарына қатысатынын және онда тиісті тапсырмалар алатынын атап өту қажет. Алайда, біздің келісімге сәйкес, комиссия және алқа мүшелері біздің бірде-бір үкіметімізге есеп бермейді», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.