Н. Назарбаев: ХХІ ғасырда әскерилер дипломатиялық кемшіліктерді түзетуге кіріспейді деп сенемін
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - ХХІ ғасырда әскерилер дипломатиялық кемшіліктерді түзетуге кіріспейді деп сенемін. Бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуі барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Әзілкештердің «Саясаткер - бұл ең алдымен келесі жұмаға дейін аман қалу амалы» дейтіні бар. Ал дипломатия - бұл келешек жүзжылдықта да аман сақталудың ғаламат өнері. Мен дипмиссия өкілдерінен әділ әлемдік тәртіп орнату бағытында соғыссыз, өзара қырғи қабақсыз күш-жігерді біріктіру жөніндегі менің үндеуімді өз ел басшыларыңызға жеткізуді сұраймын. Мен ХХІ ғасырдың халықтар арасындағы өзара қарым-қатынас тек қана дипломаттарға тиетін дәуір болатынына сенемін. Әскерилер дипломатиялық кемшіліктерді ешқашан түзетуге кіріспейді деп сенемін», - деді Н. Назарбаев.