«Н.Назарбаев идеясының тарихи маңызы зор» - Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы отырысының қорытындысы бойынша брифинг
БАКУ. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Бүгін Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы І жалпы отырысының қорытындысы бойынша Бакуде түркітілдес елдерден келген парламенттік делегациялар басшыларының брифингі өтті.
Іс-шарада Түркияның Ұлы ұлттық жиналысының төрағасы Мехмет Әли Шахин ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ыстамбұлда 2006 жылғы қарашада өткен түркітілдес елдер басшыларының VIII саммитінде айтқан Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясын құру жөніндегі идеясының тарихи маңызы зор екенін атап өтті. «Біздер іске асырылуына мүмкіндік берген бастама үшін Қазақстанның Мемлекет басшысына ризашылығымызды білдіруге тиіспіз», - деді түркиялық спикер.
Сонымен қатар, ол келешекте Өзбекстан мен Түрікменстанның да Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясына қосылатынына үмітін білдірді. Оның айтуынша, әлемдік аренада түркітілдес елдердің бірігу факторының маңызы үлкен.
Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов түркиялық әріптесінің сөзін қолдай отырып, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясына қатысушылардың ҚР Президентіне дер кезінде қолдау білдірген түркітілдес елдер басшыларына ризашылықтарын білдірулері керектігін мәлімдеді.
Брифингте делегациялардың басшылары Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы аймақ мемлекеттерінің өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастығына жаңа серпін бере түсетінін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының келесі отырысы 2010 жылы қазанда Астанада өтеді.