Н.Назарбаев Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналуға ұмтылатындығын жеткізді

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер іздеуге қатысушылар санын радикалды түрде кеңейтуге шақырады.

Н.Назарбаев Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналуға ұмтылатындығын жеткізді

Бүгін Астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің мерейтойлық сессиясы мен Сыртқы істер министрлерінің IV кездесуі барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Сарапшылар қауымдастығы дағдарыстың жаңа толқынының жоғары қаупі туындаған бүгінгі уақытта әлемдік экономика мен қаржы жүйесін ауқымды реформалаудың уақыты келгенін жиі атап өтуде. Осыған орай, Қазақстан жаһандық дағдарысқа қарсы шешімдер іздеуге қатысушылар санын радикалды түрде кеңейтуге шақырады. Біз осы мақсатта Астана экономикалық форумы базасында «G-GLOBAL» коммуникативті жүйесін құруға бастама жасадық», - деді ҚР Президенті.

Сонымен қатар, Елбасы алдағы уақытта көлік саласындағы әріптестікті нығайту айтарлықтай перспективаға ие болып отырғандығын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Ортаазиялық интеграцияның сенімді жақтаушысы ретінде өңірдегі ірі транспорттық-логистикалық хабқа айналуға ниетті екендігін жеткізді.

«Бұл бағытта Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналуға ұмтыламыз», - деді Н. Назарбаев.