Н.Назарбаев Қазақстан халқының бірлігін сақтап қалуда үлкен қадамға барды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқының бірлігін сақтап қалуда үлкен қадамға барды. Ол басқа елдерде жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, барлық этнос өкілдерін бір шаңырақ астында бейбіт өмір кешуге жағдай жасады.

Н.Назарбаев Қазақстан халқының бірлігін сақтап қалуда үлкен қадамға барды

Бүгінде бұл қоғамдық институт елдегі тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың мызғымас тұғырына айналып отыр.

1992 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан халқының бірінші форумында Мемлекет басшысы ассамблея құру туралы ойын білдірген еді. Сол кезден бері Елбасымыз ешбір мемлекетте жоқ халықтар достығын сақтау саясатына оң көзқарас танытып келеді. Мұндай ұйым басқа қай елде бар екен? Тәжірибе көрсеткендей, Қазақстанда құрылған Ассамблея пост-кеңестік мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Бұл Қазақстан үшін, Қазақ елінің ауасын жұтып, суын ішіп жүрген қаншама ұлт пен этнос өкілдері үшін ең батыл қадам іспеттес еді. Сөйтіп, Қазақстан Президентінің "Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы" Жарлығымен 1995 жылдың 1 наурызында елдегі қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында аталған қоғамдық институт құрылып, ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган болды. Міне, сол уақыттан бері Ассамблея мінбері әр түрлі этностың ашық алаңына айналды.

Қазақстанның Ассамблея құрудағы тәжірибесін көптеген мемлекеттер қолданып отыр. Мәселен, 2003 жылы сол тұстағы Ресей халықтары ассамблеясы атқарушы комитетінің төрағасы ұлты тува Ч.Ондармен: "Біз өз ассамблеямызды Қазақстанның тәжіри­бе­сіне сүйеніп құрдық", деп атап өткен болатын. Ал, Ресей Федерациясы халықтары ассамблеясының төрағасы Рамазан Қажымұратұлы Әбдуләтіпов: "Біз Ресей халықтары ассамблеясын Қазақстан халқы Ассамблеясының құжаттары мен мол тәжірибесі негізінде құрған болатынбыз. Себебі, Қазақстан халқы Ассамблеясы бізден үш жыл бұрын құрылған еді. Біз одан көп нәрсе үйрендік, бірақ әлі күнге дейін Қазақстанның деңгейіне жете алмай келеміз. Мен сіздерге қызығамын. Өйткені, сіздердің Ассамблеяларыңызды Президенттің өзі басқарады. Сондықтан сіз­дерде барлық жағынан мүмкіндік жоғары", дегенді айтты. Шынында да, Әбдуләтіпов мырзаның сөзінің жаны бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан кейін әрбір этностың өз мәдениет бірлестіктері ашыла бастады. Тек мәдени бірлестіктер құрылғаннан кейін ғана әр этнос өз мәдениетін, салт-дәстүрін, ана тілін меңгеруге бет бұрды. Этностардың өз жәдігерлерімен қауышуына Ассамблеяның қолдауы мен көмегі толыққанды мүмкіндік туғызды. Бұған, әлбетте, әу баста Елбасының жанынан кеңесші орган ретінде құрылған ҚХА-ның уақыт өте келе конституциялық орган дәрежесін алғаны септігін тигізді. Демек, Ассамблеяның негізгі бағыты - мәдени-ағартушылық - тілдер мен ұлттық мәдениеттерді, салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту және насихаттау; тәрбиелік - қазақстандық және ұлттық отансүйгіштікті қалыптастыру; этносаралық қатынастарды қадағалау негізінде ұлтаралық татулық пен келісімді нығайту; Қазақстанды мекен еткен этностар өкілдері арасында достық қарым-қатынастардың дамуына негіз болатын мемлекеттік саясат жүргізу жөнінде ұсыныстар дайындау.Ассамблеяның мұрындық болуымен Қазақстанның әр аймағынан тіл үйрететін 300-дей жексенбілік мектеп ашылды. Әр этнос өкілі қазақ тілін біліп қана қоймай, өз ана тілін де құрмет тұтқаны дұрыс.