10:25, 02 Қыркүйек 2015 | GMT +5
Н.Назарбаев: Ляньюньган терминалы - Қазақстанның Тынық мұхитына тарихи тұрғыда алғаш қадам басуы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Цзянсу провинциясы халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы - партия комитетінің хатшысы Лоу Чжицзюнмен кездесті.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады. Кездесу барысында Тынық мұхитындағы Ляньюньган портындағы Қазақстанның логистикалық терминалы арқылы жүк тасымалы ауқымын кеңейту перспективалары талқыланды.
«Қазақстан үшін Цзянсу провинциясымен ынтымақтастықтың зор маңызы бар. Біз ҚХР басшылығымен уағдаластық бойынша Ляньюньган портында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл - Қазақстанның Тынық мұхитқа тарихи тұрғыдан алғашқы қадам басуы. Мұны ынтымақтастығымыздың басы ғана деп ойлаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сондай-ақ ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кездесу барысында көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимыл жайы басымдығы бар мәселенің бірі екеніне тоқталды.