17:53, 28 Сәуір 2014 | GMT +5
Н.Назарбаев: Жаһандық тұрақсыздық тек экономикадағы ғана емес, сонымен бірге халықаралық құқықтағы, жаһандық саясаттағы дағдарыс
МӘСКЕУ-АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаһандық тұрақсыздық тек экономикадағы ғана емес, сонымен бірге халықаралық құқықтағы, жаһандық саясаттағы дағдарыс. Бұл туралы бүгін М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграцияның жаңа перспективалары тақырыбында дәріс оқыған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, еуразиялық интеграция төніп келе жатқан үшінші индустриялық революция қарсаңында барлық қатысушылар үшін ортақ стратегиялық басымдық болып табылады.
«Қазіргі жаһандық тұрақсыздық - бұл тек қана экономикадағы ғана емес, сонымен бірге халықаралық құқықтағы, жаһандық саясаттағы дағдарыс. Біз оны көріп отырмыз», - деді Елбасы.
ҚР Президентінің пайымынша, әлемде орын алып отырған бұл дағдарыстарды еңсеруге G8, G20-ның да шамасы жетпей отыр.
«Сондықтан да 2012 жылы «G-Global» идеясын ұсындық. Оған бүгінде интерактивті түрде 160 ел атсалысуда. Бұл қандай да бір мемлекеттің пікірі емес, сондықтан да оған шағын және кіші елдер де қатысуда»,- деді Н.Назарбаев.