Н.Назарбаевтың бастамасы Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеуге елеулі үлес қосты - Е.Ыдырысов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыда келіссөздер өткізу туралы бастамасы Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды шешуде прогрес әкелді және сайып келгенде, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын қабылдауға түрткі болды. Бұл туралы ядролық бағдарламасына қарсы іс-қимыл ретінде Иранға қатысты салынған санкциялардың алынуына арналған брифингте ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.
Айта кеткен жөн, брифингке, министрмен қатар, ҚР СІМ вице-министрі Асқар Мусинов, АҚШ елшілігінің экономикалық бөлімінің жетекшісі Патрик Хорн және Қазақстандағы ЕО сауда бөлімінің басшысы Нил Леонард қатысып, Ираннан санкцияларды алып тастаудың басты талаптары туралы айтып берді.
Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы 16 қаңтарда Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыру басталды. Ол МАГАТЭ-нің Иран тарапынан ядролық бағдарламаға қатысты талаптарды орындап жатқандығын растаудан кейін мүмкін болды.
А. Мусиновтің айтуынша, Қазақстан кәсіпкерлері үшін аталған келісім керемет мүмкіндіктер ашып отыр.
«Біз Иранмен Каспий теңізі бойынша көршіміз және Иранға тауарлар импортын қалыптастыруға қаржылық сектордағы кедергілерді алып тастау едәуір жеңілдететін болады», - деді ол.
Жиында атап көрсетілгеніндей, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспары бекітілісімен ең алғашқы халықаралық келісім Алматы мен Тегеран арасында әуе бағытын ашу туралы келісім болды.
АҚШ және ЕО өкілдерінің сөзі бойынша, Иранға қатысты санкцияларды алып тастау қаржылық, экономикалық, сақтандыру, энергетикалық, көліктік және басқа да салаларда орын алды.
Брифингті қорытындылаған ҚР СІМ басшысы Е. Ыдырысов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылы Алматыда Иран бойынша екі раундтық келіссөздер өткізу туралы бастамасы Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды шешуде прогрес әкелді және сайып келгенде, екі жылдан кейін Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын қабылдауға түрткі болғанын ерекше қадап айтты.
«Осылайша, Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу үшін елеулі үлес қосты және бұл үдерісті қолдауды жалғастыруға дайын», - деп атап өтті министр.