Н. Назарбаевтың Қазақстан атауын өзгерту туралы бастамасы саяси, тарихи және лингвистикалық тұрғыдағы дұрыс шешім - Әзербайжан Парламентінің депутаты Низами Джафаров
БАКУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің атауын Қазақ Елі деп өзгерту туралы бастамасы Әзербайжан қоғамында қызу талқыланып, қолдауға ие болды.
Әзербайжан Парламентінің депутаты, парламенттік комиссия төрағасы, филология ғылымдарының докторы Низами Джафаровтың сөзіне қарағанда, Қазақстан Президенті ел атауын өзгерту туралы бастамасын дер уақытында әрі дұрыс көтерді.
Әзербайжан филологының пікірінше, «стан» қосымшасы «орын» дегенді білдіреді, алайда түркі тілінен шықпаған.
«Біз мемлекеттің атауындағы «қазақ» түбір сөзіне көңіл бөлуіміз қажет. Ал «Ел» сөзінің қосылуына негіз бар. Осы орайда Қазақ Елі деп өзгеруін қолдаймын. Бұл саяси, тарихи және лингвистикалық тұрғыдағы дұрыс шешім. Сондықтан оны қолдау керек», - деп есептейді Н.Джафаров.
«Н.Назарбаевтың идеялары түркі халықтары арасында ыстық ықыласпен қабылданып, қолдауға ие болып жатады. Қазақстандық көшбасшының бұл ойды халықтың талқылауына салғаны өте орынды, өйткені талқыланбаған мәселе қоғамның қолдауына ие болмайды. Әзербайжандар Н.Назарбаевтың жоғары интеллектуалды мүмкіндігі, саяси тәжірибесі, қоғамды біріктіру мақсаты қателіктің орын алуына жол бермейді деп санайды. ҚР экономикалық дамуы мен ұлттық келісімі соған дәлел», - деп атап өтті депутат.
Сондай-ақ ӘР депутатының пайымдауынша, «Ел» сөзі тарихи атау және бұл жерде атауды өзгерту емес, тарихи атын қайтару деп есептеу қажет.
«Қазақстан аймақтағы қозғаушы күш болып табылады. Оның атауының өзгеруі Татарстан, Башқұртстан сынды өзге елдердің де бұл тұрғыда бір шешімге келуіне ықпал етеді. Білуімше, бұл республикалар да атауларын өзгертуді қарастырып отыр» - деді Н.Джафаров.
Осылайша әзербайжандық депутат Елбасының Қазақстанды Қазақ Елі атауына өзгерту туралы бастамасын қолдайтынын білдірді.