Н.Нығматулин: Ауғанстандағы қауіпсіздік пен дамуға ықпал ету - Қазақстан Президентінің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ауғанстан Ислам Республикасы Парламенті Волеси Джиргасының вице-спикері Мұхаммед Сальджук бастаған ауғанстандық парламент делегациясын қабылдады.

Н.Нығматулин: Ауғанстандағы қауіпсіздік пен дамуға ықпал ету - Қазақстан Президентінің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Тараптар парламентаралық өзара іс-қимыл басымдықтарын талқылай келіп, салалық комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы байланыс қарқынын арттыру, екіжақты қарым-қатынастың одан әрі нығаюына жол ашатынын тілге тиек етті.

Әсіресе, Ауғанстадағы жағдайды тұрақтандыруға баса назар аударылды.

Мәжіліс Төрағасының атап өткеніндей, Ауғанстандағы қауіпсіздік пен дамуға ықпал ету - Қазақстан Президентінің сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасының арқасында біздің мемлекетіміз аталған елге жыл сайын экономикалық және гуманитарлық, олардың қатарында, азық-түлік және жанар - жағармай жеткізу түріндегі көмек көрсетіп келеді.

2010 жылдан бері ауғандық жастар үшін білім бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Қазақстан жоғары оқу орындарында 600-ден астам ауғандық студенттер білім алуда. Одан әрі сөзін сабақтаған Нұрлан Нығматулин: «2014 жыл тек Ауғанстан ғана емес, барлық аймақ үшін өте маңызды. Өйткені, келер жылдың сәуір айында өтетін президент сайлауы мемлекеттің болашақ жағдайына айтарлықтай ықпал ететін болады», - деді.

Өз кезегінде мәртебелі мейман Мұхаммед Сальджук Қазақстан Президентіне біздің еліміздің Ауғанстанға көрсетіп отырған қолдау үшін, маңызды әлеуметтік, гуманитарлық көмектер үшін алғысын білдірді.

Мәжіліс Спикері сондай-ақ, Қазақстанның алдағы уақытта да заманауи қауіп-қатерлерге қарсы Ауғанстанмен ынтымақтастық тиімділігін арттыру үшін ШЫҰ, ҰКШҰ, АӨСШК сияқты аймақтық ұйымдардың бірлескен күшін қолдайтындығын атап өтті.