Н. Нығматулин Цзя Цинлинь бастаған Қытай делегациясымен кездесуінде Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті талқыланды
АСТАНА. 10 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы Цзя Цинлинь бастаған Қытай Халық Республикасы делегациясымен кездесті.
Кездесу барысында партияаралық әріптестіктен бастап көптеген маңызды мәселелер талқыланды. «Нұр Отан» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасында өзара қарым-қатынастың берік негізі қаланған, соның арқасында екі ел түрлі деңгейде жиі делегациялар алмасып, партиялардың талдау-зерттеу ұйымдарымен тығыз байланыс жасайды. Сонымен қатар екі елдің жетекші саяси күштері қазіргі уақытта «Нұр Отан» ХДП төрағалық етіп отырған Азия саяси партиялары Бас Ассамблеясы аясында белсенді ынтымақтастыққа қол жеткізген.
Басқосуда Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті өзекті тақырыпқа айналды. «Нұр Отан» Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша аталған халықаралық шараның дайындық және өткізу жұмыстарына белсене араласады, әсіресе, саммиттің ақпараттық-насихаттық жағымен қамтамасыз ету, халықаралық және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдармен ықпалдасу басты назарда.
Нұрлан Нығматулин Астаналық Саммиттің тарихи маңыздылығын тілге тиек ете келіп, Саммитті өткізуге түпкілікті шешім қабылдауға ықпал еткен ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қызметінің аса құнды активке айналғандығын баса атап өтті.
Қазақстан Президентіне ЕҚЫҰ-ны басқарып отырған елдің басшысы ретінде оның дамуына тың серпін беру мүмкіндігі туды. Ұйым жұмысына шығармашылық мазмұн мен заманауи түсінік әкелген жаңаша өзекті мақсаттар қойылды. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин біздің еліміз Ислам Конференциясы ұйымын басқаратын 2011 жылдың Қазақстан үшін өте жауапты кезең екенін де назардан тыс қалдырмады.
Өз кезегінде Цзя Цинлинь мырза, Қазақстанның Орталық Азияда саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтаудағы рөлін баса айта келіп, біздің еліміздің әлемдік элитаға сенімді қадам басуы ең алдымен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғалық және халықаралық беделімен тікелей байланысты екеніне тоқталды.