Н. Нығматулин: Қазақстан мен Қытай парламентшілерінің өзара іс-қимылды нығайтуы - стратегиялық әріптестік қатынасын жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді

АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лэ Юйчэнді қабылдады.
None
None

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен қазан айының 14-17-сі аралығында қазақстандық парламенттік делегацияның Қытай еліне сапары жоспарланған. Соның қарсаңында тараптар өзара іс-қимылдың маңызды мәселелерін талқыға салды.

Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дәйекті әрі үдемелі даму жолына түскендігі тілге тиек етілді.

Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин ҚХР Төрағасының біздің елімізге сапары барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің арасында қол жеткізілген жоғары деңгейлі келісімдер екі жақты қарым-қатынастың стратегиялық көрсеткішінің тағы бір дәлелі екенін атап өтті.

Ал Лэ Юйчэн өз кезегінде Қазақстанның жетістіктеріне қатысты ыстық ықыласын білдірді.

- Астанаға келген алғашқы күннен бастап, мені Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген басшылығының арқасында жасалынып жатқан өзгерістер мен екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуы таңқалдырды,-деді ол.

Қос елдің парламентаралық байланысы да назардан тыс қалмады.

- Парламентаралық өзара ынтымақтастықты дамыту жолында, заң шығармашылық жұмысында тәжірибе алмасу, яғни, маңызды бастамаларды заңнамалық қамтамасыз ету, салалық комитеттер арасында байланыстарды нығайту, парламентаралық ұйымдар аясындағы әріптестік басым бағыттар болып табылады,-деді Мәжіліс Төрағасы.

Нұрлан Нығматулин мен Лэ Юйчэн парламент өкілдерінің байланысын алдағы уақытта да белсенді нығайтуға сенім білдіре келіп, мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық екі елдің игілігі жолында қарқынды дами береді деген ортақ пікірлерін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар