Н.Нығматулин Женевада Ауғанстаннан және Пәкістаннан келген әріптестерімен кездесті
Атап айтар болсақ, Пәкістан Парламенті Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Сардар Аяз Садикпен жүздесіп, аймақтық тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылады. Осы ретте екі жақ та сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Ал Ауғанстан Волеси Джирга төрағасы Абдул Рауф Ибрагимимен кездесу кезінде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға одан әрі ықпал ету, соның ішінде, парламентаризмді дамыту тақырыбы әңгіме өзегіне айналды. Нұрлан Нығматулин бұл Қазақстан Президентінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аталған мемлекетке біздің еліміз жыл сайын экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетіп келеді, ауғанстандық жастар үшін білім бағдарламасы да табысты жүзеге асырылуда. Өз кезегінде Абдул Рауф Ибрагими Қазақстан халқына және біздің Президентімізге денсаулық сақтау нысандары мен жол құрлысы үшін, сондай-ақ, гуманитарлық, әлеуметтік,сауда-экономикалық салаларда көрсетіп жатқан орасан қолдауы үшін алғысын жеткізді. Әңгіме барысында парламенттер қарым-қатынасын нығайту, екі мемлекет арасындағы әріптестікті тереңдетуге де септігін тигізетіні айтылды.