Нью-Йоркте Қазақстан-американ инвестициялық форумы-2009 табысты өтті
деп хабарлайды ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі.
ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің осы форумға Гонконгтан жасаған тікелей бейнеүндеуі конференция барысында өткен пікірталастарға сындарлы сипат бере түсті. Премьер-Министр өзінің сөйлеген сөзінде Қазақстандағы ұзақ мерзімді инвестициялық әріптестікті құру тақырыбына тоқталды. Сонымен қатар, Үкімет басшысы Қазақстанның дағдарысқа қарсы қолданып отырған іс-шараларының тиімділігін, осының арқасында біздің еліміз сенімді және тартымды әріптес болып қалып отырғанын атап өтті. ҚР Премьер-Министрі үндеуінің лейтмотиві американдық инвесторларды Қазақстанмен белсенді ынтымақтастыққа шақыру болды.
Қазақстандық делегацияның басшысы ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев форум барысында Қазақстандағы дағдарысқа қарсы іс-шаралар бойынша баяндама жасады.
Форум аясында «Мемлекеттік-жеке экономикалық әріптестіктің қазақстандық-американдық бастамасы: экономикалық әртараптандырудың басымдықтары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар қол жеткізілген табыстарға және қазақстандық үкіметтің осы бағыттағы одан арғы жұмыстары бойынша ұсыныстарына талдау жасады.