18:00, 27 Тамыз 2014 | GMT +5
НАНКИН-2014: Мұхамбет Қуатбек Қазақстан қоржынына үшінші алтынды салды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан II жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында еркін кұрес бойынша 54 келі салмақ дәрежесіндегі сайыстар аяқталды. Финалда Қазақстандық балуан Мұхамбет Қуатбек америкалық Датон Фиксаны - 3:1 есебімен жеңді, - деп хабарлайды sports.kz

Қуатбек бұған дейін топтық кезеңде ресейлік Әмірхан Гуважоковты, армениялық спортшы Вагинак Матевосянды, жаңазеландиялық Брама Ричардсты және Венесуэла палуаны Элеезер Аулараны жеңген болатын.
Естеріңізге сала кетейік, бұның алдында осы Олимпиада барысында дзюдошы Бауыржан Жауынтаев пен боксшы Абылайхан Жүсіпов алтын медальге қол жеткізген болатын. Ал ауыр атлеттер Жасұлан Қалиев пен Татьяна Капустина және боксшы Вадим Казаковтың қанжығаларында күміс медаль бар.
Грек-рим күресі бойынша балуанымыз Евгений Поливадов қола медальге ие болды.