Нарықтық бәсеке: Mercedes Германиядағы зауыттарының бірін жабуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Mercedes-Benz қызметкерлері шығындарды азайтуға келіспесе, компания Германиядағы өндіріс көлемін қысқартып, зауыттарының бірін жабуы мүмкін, деп хабарлайды BILD.

Нарықтық бәсеке: Mercedes Германиядағы зауыттарының бірін жабуы мүмкін
Фото: Pexels

Mercedes басшылығы қызметкерлерге төленетін бірқатар төлемді, соның ішінде демалыс ақысы мен рождестволық бонустарды қайта қарауды талап етіп отыр. Компания 35 сағаттық жұмыс аптасының шарттарын да өзгерткісі келеді.

Mercedes өкілдерінің пікірінше, Германиядағы өндіріс шығындарының жоғары болуы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр. Бұған қоса, әсіресе Қытай нарығында автокөлік сатылымының төмендеуі компанияға қосымша қысым түсіріп жатыр.

Wirtschaftswoche мәліметінше, компания басқармасының бір мүшесі Германиядағы өндіріс шығындары айтарлықтай азаймаса, Mercedes Еуропаның басқа елінде жаңа зауыт салуы мүмкін екенін қызметкерлерге ескерткен. Өндірістік кеңес өкілдері мұндай мәлімдемені «бопсалау» және «аса қатаң қоқан-лоқы» деп бағалады.

Қай зауыттың жабылуы мүмкін екені әзірге айтылған жоқ. Сонымен қатар Mercedes Мажарстандағы өндірісін кеңейтіп жатыр. Кечкеметтегі кәсіпорын келешекте жылына 400 мыңға дейін автокөлік шығара алады.

Бұған дейін Mercedes басшылығы Германиядағы зауыттардың өндірістік қуаты компания қажеттілігінен едәуір жоғары екенін мәлімдеген еді.

Айта кетейік, бұған дейін Mitsubishi Pajero жеті жылдан кейін нарыққа қайта оралғанын жаздық.

Ал Volkswagen Германиядағы төрт зауытын кезең-кезеңімен жабатын болды.