Mitsubishi Pajero жеті жылдан кейін нарыққа қайта оралды
АСТАНА. KAZINFORM – Аты аңызға айналған Pajero жол талғамайтын көлігі әлемдік нарыққа қайта оралады. Mitsubishi Motors жеті жылдық үзілістен кейін Жапонияда модельдің жаңа буынын таныстырды, деп хабарлайды Kyodo агенттігі.
Жаңа Pajero алғаш Таиланд нарығына шығады. Жапония мен Аустралияда сатылымы 2027 жылдың наурызына дейін басталады. Келер жылдан бастап Mitsubishi жол талғамайтын көлікті Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы және Таяу Шығыс елдерін қоса алғанда, шамамен 100 нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
Pajero – Mitsubishi-дің ең танымал модельдерінің бірі. Алғашқы буыны 1982 жылы таныстырылғаннан бері компания әлем бойынша 3,29 млн-нан астам Pajero шығарды. Жол талғамайтын көлік ұзақ сапарларға арналған сенімді автомобиль ретінде танылды. Ал дебютінен бір жыл өткен соң ірі ралли жарысында өз санаты бойынша жеңіске жетті.
– Біз Mitsubishi Motors-тың ең үздік технологияларын біріктіріп, барлық ресурстарымызды жұмылдырдық, – деді компания президенті Кейсуке Кишиура баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жаңа модель барлық жағынан елеулі өзгеріске ұшыраған.
Mitsubishi Pajero-ның оралуы компанияның ішкі нарықтағы сатылымын арттыруға көмектеседі деп үміттенеді. Автоконцерн 2030 қаржы жылына қарай Жапониядағы сатылымды 2024 қаржы жылымен салыстырғанда 50%-ға, шамамен 180 мың автомобильге дейін арттыруды көздеп отыр.
Алдағы уақытта Mitsubishi концерні Pajero-ның көлемі кішірейтілген екі нұсқасын да шығаруды жоспарлап отыр.
Модель жол талғамайтын көліктерге сұраныс жоғары болып тұрған кезеңде нарыққа қайта оралып отыр. MarkLines зерттеу компаниясының мәліметінше, 2025 жылы Жапониядағы ірі жол талғамайтын көліктер нарығының көлемі шамамен 100 мың автомобиль болған.
Бұл сегментте Toyota шығаратын Land Cruiser көш бастап тұр. Оның үлесіне нарықтың шамамен 40%-ы тиесілі.
Еске сала кетсек, Mitsubishi Motors биыл мамыр айында аты аңызға айналған Pajero жол талғамайтын көлігін қайта шығаратынын мәлімдеген еді.
Сондай-ақ Mitsubishi Қазақстаннан сирек кездесетін галлий металын импорттай бастайтынын хабарлаған.