Жапондық Mitsubishi Қазақстаннан сирек кездесетін галлий металын импорттай бастайды

АСТАНА. KAZINFORM — Жапондық Mitsubishi Corp. сауда компаниясы аса маңызды материалдарды жеткізу көздерін әртараптандыру үшін осы жылдың соңында Қазақстаннан сирек кездесетін галлий металын импортын бастауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform

Жапондық Mitsubishi Қазақстаннан сирек кездесетін галлий металын импорттай бастайды
Фото: Negro Elkha / Adobe Stock

Компания өзінің еншілес компаниясы Mitsubishi Corporation RtM Japan Ltd. желтоқсан айында «Қазақстан алюминийі» АҚ-мен 2026 жылдан бастап бірнеше жыл бойы жылына орта есеппен 15 тонна галлий сатып алу туралы келісімге отырғанын хабарлады.

Kyodo ақпарат агенттігінің жазуынша, бұл Mitsubishi компаниясы үшін галлий импортының алғашқы жағдайы болмақ.

Қазақстандық компания галлий өндірісін биылғы жылдың үшінші тоқсанында бастайды, ал өндірілген барлық металл Жапонияға жөнелтіледі, деп хабарлады Mitsubishi компаниясы.

Келісімшартқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың желтоқсанда Жапонияға ресми сапары кезінде қол қойылды.

Үкімет қолдаған Жапония металл және энергетика қауіпсіздігі жөніндегі ұйымының мәліметінше, Жапония 2021 жылы 96,5 тонна галлий импорттаған, оның 55 тоннасы немесе 57 пайызы Қытайдан келген.

Әлемдегі ең ірі галлий өндірушісі Қытай 2023 жылдан бері осы металл экспортына бақылауды күшейтті, бұл Жапония мен тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз етуге тырысатын басқа елдер үшін қиындықтар тудырды.

Mitsubishi компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі өкілі «Қытаймен экономикалық байланысты үзуге тырысу ниеті жоқ» және импорттық жоба «жаңа жеткізушілерді дамыту» бойынша күш-жігерінің бір бөлігі ғана екенін мәлімдеді.

Галлий электромобильдерге қажетті қуатты жартылай өткізгіштерде, сондай-ақ сұйық кристалды панельдерде қолданылатын жарықдиодтарда және басқа да көптеген өнімдерде қолданылады.

Оны алюминий өндірісінің жанама өнімі ретінде алуға болады. 

Соңғы жаңалықтар