Нарықтық экономикаға көшу қалай жүзеге асады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше елордада еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Соның ішінде, жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе төмендету жаңа Үкімет алдына Президент қойған басты міндеттердің бірі болып отыр. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың сөзінше, соңғы 1 айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсімі тіркелмеген. Осы тақырыпты толығырақ ҚазАқпарат сарапшысы материалында өрбітеді.

«Елде өндірілетін тауар көлемі ішкі сұранысты толық қамтымайды»

Үкімет мүшелері экономикада даму бар дегенмен, Президент түйіні тарқамаған түйткілдерге тоқталды. Біріншіден, ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Бұл өз кезегінде азық-түлік инфляциясының басты себебі болып отырғанын алға тартты. Елде өндірілетін тауар көлемі ішкі сұранысты толық қамти алмағандықтан Қазақстан әлі де болса импортқа тәуелді болуға мәжбүр екенін баса айтты.


Сондай-ақ ол Қазақстан кейінгі 10 жылда «орташа табыстың тұзағына» тап болғанын айтты. Президенттің пайымынша, реформалар шынайы сипат алып, сауатты жүргізілсе, бұл тұзақтан 6-7 жылдың ішінде сытылып шығуға болады. Ол үшін экономика қосымша табыс көзін табу қажеттігін жеткізді.

«Бірақ ісімізден сөзіміз көп болып тұр. Дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде озық бола алмаймыз, яғни әлем экономикасында көш соңында қалуымызға тура келеді. Өткен жылы экономика небәрі 3,2%-ға өсті, ал биыл 3 айда-4,9%- ға өсті. Қосымша өсу көздерін іздеу керек»,- деді Президент.

Осы тұста, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан экономикасының өсуі осы жылдың I тоқсанында 4,9%-ды құрағанын айтып, бүгінгі таңда ұлттық экономика қолайсыз сыртқы жағдайларға бейімделе отырып, орнықты өсу жолына шыққанын жеткізді. Сонымен қатар әлемдегі санкциялық текетірестің күшеюі, логистикалық тізбектердің бұзылуы, жоғары инфляция мен азық-түлік тауарларына бағаның өсуі жаһандық экономиканың баяулауына үлкен әсер еткенін айтты. Атап айтқанда, Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік инфляция болжамын 7%-ға дейін көтергенін, ал жаһандық экономиканың өсу болжамын 2,8%-ға дейін төмендеткенін мәлімдеді.«Сыртқы күрделі ахуалға қарамастан, 2022 жылы экономикамыздың нақты өсуі 3,2%-ды құрады. Елімізге $28 млрд тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, 18% өсім қамтамасыз етілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі 8%-ға ұлғайды. Сыртқы сауда айналымы 32%-ға өсіп, $134 млрд болды»,- деді Премьер-Министр.

Фото: bloomberght.com

Оның мәліметінше, жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 27%-ға артып, 1,8 млн-нан асса, осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 13%-ға өсіп, 3,9 млн адамға жеткен.

Осы орайда, Үкімет басшысы биыл қабылданған шаралар экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Мәселен, қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика қалыптасып отыр: құрылыста – 16%, саудада – 12%, көлік саласында – 8%, өңдеу өнеркәсібінде – 5,4% өсім тіркелген. Сонымен қатар ол негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемі үш айда 16%-ға, ал мемлекеттік бюджет кірісі 24%-ға артқанын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде, ағымдағы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын, нақты сектор мен инфрақұрылымды дамытуға қосымша 2,2 трлн теңге бөлуге мүмкіндік берді.


«Халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр»

Мемлекет басшысы инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданғанын тілге тиек етті. Ол жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар екенін баса айтты. Бұған қоса, тұтыну несиелерінің көлемі артқанын да айтты. Президент бұл әрекет инфляция кезінде жан бағудың амалы екенін жеткізді.

«Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал. Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады»,- деді Мемлекет басшысы.


Осы тұста, Премьер-Министр өз сөзінде бағаны тұрақтандыру Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеттерінің бірі екенін баса айтты. Осыған байланысты Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырып жатыр.

«Нәтижесінде биылғы наурыз айында жылдық инфляция 18,1%-ға дейін баяулады. Соңғы 4 аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша инфляция тіркелген жоқ. Біздің алдымызда биыл инфляцияны 2 есеге дейін төмендету міндеті тұр», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, республикада Халықтың табысын арттыру бағдарламасы іске асырылуда. Осы іс-шаралар аясында биыл 3 миллионнан астам адамның жалақысы өседі.


«Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалып келеді. Атап айтқанда, биылдан бастап 4,4 млн адамды жоғарылатылған әлеуметтік төлемдермен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысы ұлттық жобаларды іске асыру, жаңа өндірістер ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру есебінен 1 млн-ға жуық адам жұмыспен қамтылатынын айтты.


«Сапалы экономикалық өсуде үдемелі қозғалыс қажет»

Осы тұста, Экономист Ғалымжан Айтқазин https://kaz.inform.kz/news/kazakstanga-naryktyk-katynastar-zhagdayynda-sapaly-ekonomikalyk-osude-udemeli-kozgalys-kazhet-ekonomist_a4058826 Қазақстанға нарықтық қатынастар жағдайында сапалы экономикалық өсуде үдемелі қозғалыс қажет деп санайды. Ол бағаның күрт өсуі жағдайында Үкімет пен Ұлттық банк қарама-қарсы бағытта әрекет ете бастайды деп есептейді. Оның пікірінше, күн сайын барлық салада маңыздылығы артып келе жатқан жаңартылатын энергияға назар аудару керек. Сарапшы Президент сөзіндегі тағы бір маңызды экономикалық аспекті ретінде бағаны белгілеу мен нарықты басқару процесіне көшу тақырыбы туралы айтты. Оның айтуынша, кез келген экономикадағы сапалы инфрақұрылым азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасап, бизнестің үздіксіз жұмыс істеуі мен дамуы үшін қажеттілікпен қамтудағы маңызды іргетас. Инфрақұрылымды уақтылы жаңғырту және оны экономикалық ойыншылардың қажеттіліктеріне қарай кеңейту оның драйверлеріне қарамастан болашақ сапалы экономикалық өсудің негізгі факторлары.

Фото: foxbusiness.com

«Көптеген жылдар бойы бизнес пен халықты қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан бастап, жанар-жағармай, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағасының төмендеуіне дейінгі әлеуметтік салаларды субсидиялауға қомақты қаражат жұмсады. Мұның бәрі, шын мәнінде, экономикалық агенттердің игілігі болды. Бірақ олардың ұзақ мерзімді бағасы оларды жаңғыртуға тиісті инвестициялардың болмауы жекелеген жағдайларда күйреуге әкелді», – деп атап өтті Ғалымжан Айтқазин.

Ғалымжан Айтқазин өз пікірін айта келе, бірнеше мысал келтірді. Бағалар күрт өсе бастағанда, Ұлттық банк тұтынуды ынталандыру және ақша үнемдеу үшін экономикадағы ақшаның құнын арттырады. Бұл кейіннен экономиканың «салқындауына» және бағаның біртіндеп төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бірақ, мұндай тетік Қазақстан кейсінде бірнеше себептер бойынша, соның ішінде Үкіметтің кері әрекеттеріне байланысты, әлсіз жұмыс істейді. Бұл ретте жеңілдетілген бағдарламаларды іске қосады және мемлекеттік шығыстарды арттырады. Бұл шығындар, сайып келгенде, экономиканың сапалы өсуіне әсер етпейді, тек тауарлар мен қызметтер импортының өсуіне ықпал етеді. Бұны Ұлттық банктің жақында жүргізген зерттеуі көрсетіп отыр.

«Сондықтан, жоғарыда айтылғандардың бәрін ескере отырып, Қазақстанға оның негізгі ойыншылары үй тапсырмасын орындап, нарықтық қатынастар жағдайында сапалы экономикалық өсу жағына қарай үдемелі қозғалысты бастауы тиіс», – деп толықтырды Ғалымжан Айтқазин.

«Бизнесті тексеру қысқарады»

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдеріне үндеу жасады. Президент табысты осы жерден тауып, шетелде шашуды доғаруды талап етті. Есесіне елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға шақырды. Ол кәсіпкерлерге арнап «Әлеуметтік лифт» тетігінің үлгісіндегі «Экономикалық лифт» ұғымын енгізуді тапсырды.

«Әлеуметтік лифт» деген ұғымның не екені баршаға аян. Бұл – кез келген бастамашыл және еңбекқор адам мансап сатысында және қоғамдық иерархияда сенімді түрде алға жылжи алатын жүйе. Сол сияқты, біз кәсіпкерлерге тиімді жұмыс істейтін «Экономикалық лифт» орнатуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Президент өңірлерде табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерге жол ашуды тапсырды.

«Жүйелік шаралардан басқа, аймақтық ауқымдағы ең табысты және адал кәсіпкерлерді ілгерілету маңызды. Олар жаңа, әділ экономиканы дамытудың локомотивіне айналуы керек», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, Әлихан Смайылов қазіргі уақытта республикада бизнеске қатысты кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеуші саясат енгізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтсақ, қаңтар айынан бастап Міндетті талаптар реестрі ашық түрде жарияланды.

«Енді Реестрде жоқ талаптар бойынша тексерулер жүргізілмейді. Биыл заңнамадан бизнес үшін 10 мың керексіз талап алынып тасталады. Бұл тексерулердің санын едәуір қысқартады. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру толығымен аяқталады», — деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, биыл шағын және орта бизнесті жүйелі түрде қолдау шаралары кеңейтілді. Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қолдау көрсетілетін қызмет түрлерінің тізбесі (жеңілдетілген несиелер және қаржылық лизинг) 116-ға ұлғайды. Бірқатар басым қызметтер бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. Премьер-Министрдің дерегінше, бизнестің жол картасын қаржыландыру көлемі 224 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Шағын және орта бизнесті қолдау шеңберінде биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау, 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру көзделіп отыр. Орта бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданады.

Салыққа қатысты сын

Мемлекет басшысы экономика өскенімен бюджетке түсетін алымдар төмен екенін тілге тиек етті. Кей сарапшылар бұл тұрақсыздық салық жеңілдіктері көп болғанынан екенін айтады. Осы ретте Президент макроэкономикалық саясатты өте байыпты жүргізу керектігін айтты. Яғни бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді реттеу қажеттігін алға тартты.


«Иә, экономикамыз өсіп жатыр. Бірақ салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге қатысты өсу қарқыны тұрақсыз. Жалпы, соңғы бес жылда бюджетке 30 триллион теңге кем түскен. Әрине, бұл цифрдың дұрыс-бұрыстығын тексеру қажет. Талай жылдан бері жалғасып келе жатқан осы мәселені түпкілікті шешетін уақыт жетті», - деді Мемлекет басшысы.

Үкімет басшысы кәсіпкерлік саласында цифрландыруды енгізу қарқынды жалғасатынын айтты. Сонымен қатар жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің жобаларын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жылу электр орталықтарының жайы

Жиын барысында Мемлекет басшысы елдегі жылу электр орталықтарының жайы туралы сөз етті. Приезиденттің сөзінше, бүгінде кей қалаларда нысандардың 80 %-ы тозған. Өткен жылыту маусымында жұмыстар тиісті дәрежеде атқарылмаған. Сондықтан «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын дұрыс жүзеге асыру керектігін алға тартты.

Ол өз сөзінде Екібастұздағы энергия торабын жаңғырту басым міндет екенін айтты. Сондықтан Үкімет пен әкімдік ГРЭС-1-дің алғашқы энерго блогының уақытылы іске қосылуын және де ГРЭС-2-нің жаңа қос блоктарын салуды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жобалар мемлекет масштабындағы жобалар. Екібастұздағы жылу электр орталығын жаңғырту және келесі жылыту маусымына дайындықтың барлығы жоспарлы түрде уақытылы жүзеге асырылуы керек. Былтырғыдай дағдарыстың қайталануына жол берілмеуі тиіс екенін баса айтты.

Осы орайда, Әлихан Смайылов өткен қыс мезгілі жылу энергетикасындағы көптеген проблеманың бетін ашып бергенін жасырмады. Оның айтуынша, бұл әкімдіктердің көп жылдар бойы жылыту маусымына немқұрайлы қарап келгендігінің салдары.

«Екібастұз, Рудный және Риддер қалаларында жағдай өте күрделі болды. Ондағы мәселелерді күні-түні бақылауға алып, шұғыл түрде шешуге тура келді. Үкіметтік комиссия құрылып, жергілікті жерге барып, жұмыс істеген жағдайлар да болды. Аталған мәселелер Үкіметте бірнеше рет қаралды. Барлық әкімдіктер бұдан қорытынды шығарып, мұндай жағдайға енді қайтып жол бермеу үшін сапалы жұмыс істеу керек», - деді Әлихан Смайылов.

Смайылов Үкімет қабылдайтын шаралар туралы айтты:

Біріншіден, энергиялық бақылау қызметін заңнамалық тұрғыдан күшейтіледі және жоспардан тыс тексерулер жүргізу құқығын береді; Екіншіден, энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетін болады; Үшіншіден, Үкімет пен әкімдіктер және меншік иелері тиісті энергетикалық инфрақұрылымды жөндеу және реконструкциялау жобаларын қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етеді.

«Өңірлерден келіп түскен өтінімдер негізінде желілерді ауыстыру бойынша құны 69 млрд теңгені құрайтын 47 жобадан тұратын пул жасақталды. Бұл жұмысты сапалы және уақытылы жүргізудің маңызы өте зор. Сондай-ақ, 2 мың км жылу желілері жеке меншікте екенін баса айтқым келеді. Олардың тозу деңгейі шамамен 77%-ті құрап отыр. Осы желілердің жағдайына және жөндеу жұмыстарының міндетті түрде жүргізілуіне бақылауды күшейту керек», - деді Смайылов.

Премьер-Министр атағандай, энергия объектілері иелерінің жауапкершілігін арттырып, оны қызмет көрсету келісімшарттарда қарастыру керек.

«Шарт талаптарын орындау ұсыным түрінде емес, міндетті болуы тиіс. Жеке меншіктегі жылу желілерін бюджеттік кредиттеу арқылы реконструкциялау мәселесін пысықтау керек. Қаржыны қайтару «Тарифті инвестицияға айырбастау» шеңберінде жүргізіледі», - деді ол.

Мәселен, оның айтуынша, биыл Атырау, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы қуаттылығы 700 МВт-тан асатын электр стансаларын жаңғырту жұмыстары аяқталып, Екібастұз 1-ГРЭС-тегі қуаттылығы 500 МВт №1 энергоблок қалпына келтіріледі.

Жанар-жағармай өндірісін ұлғайту жөніндегі жоспарлар

Мемлекет басшысы жанар-жағармайдан түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі керектігін ескерті. Ол жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсалу қажет екенін айтты.

«Сондықтан Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын қайта қарау кезінде мемлекет үшін салық түсімін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауы тиіс. Жалпы, тарифтік саясат бойынша Үкіметке реттелетін тауарлар мен қызметтерді»тұтынудың әлеуметтік нормаларын«енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Өйткені, бұл халықаралық тәжірибе», - деді Мемлекет басшысы.

Фото: reuters.com

Осы ретте, Премьер-министр Үкіметтің жанар-жағармай өндірісін ұлғайту жөніндегі жоспарлары туралы баяндады. Ол көмірсутек шикізатының ресурстық базасын және оны әрі қарай өңдеу үшін өндірістік қуаттарды ұлғайту бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

«Ішкі нарықта ЖЖМ тапшылығын жою үшін Шымкент МӨЗ өндірістік қуатын жылына 6 млн-нан 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда», — деді Премьер-Министр.

Kл биыл Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 900 млн текше метр болатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы басталатынын мәлімдеді. Жалпы газ саласында жылына қосымша 4 млрд текше метрге дейін газ алуға мүмкіндік беретін заңнамалық нормалар қабылданған. Cондай-ақ Үкімет басшысы мұнай-химия саласында қуаттылығы жылына 319 мың тонна бутадиен және басқа ілеспе тауарларды өндіруге мүмкіндік беретін жоба іске асырылып жатқанын еске салды. Бұл ретте қазіргі таңда қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна болатын полиэтилен өндіру бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инвестициялардың жалпы көлемі $8,7 млрд-ты құрайды.

Ауыл шаруашылығы саласында 300-ге жуық жоба жүзеге асырылып жатыр

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ екенін баса айтты. «Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз», - деді Президент.

Әлихан Смайыловтың дерегінше, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 536 млрд теңгені құрайтын 300-ге жуық жоба жүзеге асырылуда, бұл шамамен 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар субсидиялау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ол биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемінің 140 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын айтты. Шаруаларға 419 мың тонна дизель отыны арзандатылған бағамен бөлінген. Бұдан бөлек, егін орағына қосымша 400 мың тонна арзандатылған дизель отыны қарастырылған. Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен кредит беру 145 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдағы әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған Ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, биыл микрокредит беру және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды. Бұл мақсатқа биыл 100 млрд теңге бөлінді. 7 жыл ішінде жоба бойынша 1 млн-нан астам ауыл тұрғыны қамтылады. Оған жалпы 1 трлн теңге көзделген.

Биыл 15,3 млн шаршы метр баспана салынады

Кеңесте Президент өзге де инфрақұрылымға қатысты проблеманы атады. Қазір елде 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозған. Тіпті оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар. Ал 2050 жылға Қазақстан суға мұқтаж елдердің қатарына енуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан мемлекет басшысы гидроқұрылымдарды жан-жақты тексеруді тапсырды.

Әлихан Смайылов қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2029 жылға қарай барлық көздер есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде, 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр баспана салынатынын хабарлады. Сондай-ақ ол 5 мың шақырым инженерлік желілер жаңғыртылып, жаңа Құрылыс кодексі Мәжіліске енгізілетінін жеткізді.

Көлік инфрақұрылымы саласында 2025 жылға дейін республикалық жолдардың барлығын жаңғырту және жергілікті жолдардың 95%-ын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Биыл елімізде 3,6 мың шақырым жол құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылып, жыл соңына дейін 856 шақырымы пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, кеңейтілген кеңесте Президент берген тапсырмалар туралы толығырақ мына https://kaz.inform.kz/news/halyktyn-tabysyn-arttyru-zhumyspen-kamtu-zhane-biznesti-damytu-prezident-kanday-tapsyrmalar-berdi_a4058786 сілтемеден оқи аласыздар.


Соңғы жаңалықтар
telegram