Нәтижелі сапар: Бауырлас елдер байланысы жаңа белеске көтерілді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға мемлекеттік сапары ерекше өтті. Түбі бір түркі елдерінің жылы қарым-қатынасын, шынайы әріптестігін көрсетті деуге болады. Мемлекеттік сапардың алғашқы күні біз үйреніп қалған ресми стильде – келіссөз, талқылау, кездесу, құжаттарға қол қою арқылы өтсе, екінші күнінде дүние жүзі екі президенттің бір-біріне деген ерекше ықыласын көрді. Құрмет пен қошаметтің зор белгісі болса керек, Ильхам Әлиев қонағын Физули әуежайынан күтіп алып, көлікті өзі жүргізіп, аймақты аралатты. Сонымен, Мемлекет басшысы сапарының нәтижесі қандай? Kazinform сарапшылар пікірін ұсынады.

Орта дәліздің маңызы
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Болат Әуелбаевтың айтуынша, Президенттің Әзербайжанға сапары нәтижелі болды. Оның ішінде «Бір белдеу, бір жол» және «Орта дәліздің» маңызы артты.

«Мемлекет басшыларының Бакуде БАҚ өкілдеріне арналған брифингтегі баяндамасына қарағанда, олар кездесудің нәтижесіне қанағаттанған. Бірақ дипломатиялық риториканы қойып, егжей-тегжей айтатын болсақ, Қазақстан мен Әзербайжан бір-біріне өзара тәуелді және ол тәуелділік екі жаққа да оң ықпал етеді деуге болады. Қазір екі ел жаһандық экономикалық жобалардың арасында тұр. Әсіресе, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, көлік және энергетикалық коммуникацияларды дамытуға арналған еуропалық бағдарламалар, сондай-ақ Түркияның «Орта дәлізді» жүзеге асыру жобасы ерекше назар аудартады», – деді Болат Әуелбаев.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Қаукенов те әріптесінің пікірімен келіседі және «бұл бағыт арқылы бірнеше өңір бірден өзара әрекеттесу нүктесін тапты» деп есептейді.
«Әзербайжан екіжақты қарым-қатынас тұрғысынан ғана емес, ірі аймақтық және континенттік жобалар тұрғысынан да зор қызығушылық тудырады. Президент атап өткендей: бұл Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыстарды тарту. Бүгінде ауқымды жобалардың бірі – Транскаспий жолы немесе Орта дәліз. Бұл бірқатар елді ғана емес, сонымен қатар аймақтарды байланыстырады. Орта дәліз порттар мен өндірістік алаңдарды, бірінші кезекте Шығыс Азиядағы, атап айтқанда Қытайды Еуропа және Таяу Шығыс аймақтарымен байланыстыратын жаңа бағыт болды. Демек, бұл бағыт арқылы бірнеше өңір бірден өзара байланыс нүктесін тапты», – деді Әділ Қаукенов.


Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Сиань қаласындағы Қазақстан мен Қытайдың жаңа көлік-логистика орталығынан шығып, Транскаспий халықаралық көлік бағытымен (ТХКБ) Апшерон станциясына контейнерлі блок-пойыздың келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға телекөпір арқылы қатысты. Мемлекет басшысы салтанатты шарада сөйлеген сөзінде қазіргідей жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Еуразияның жаңа көлік-логистика жүйесі құрылып жатқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, бұл процесте Қазақстан мен Әзербайжанның тығыз әрі табысты ынтымақтастығы басты рөл атқарады. Бірлескен күш-жігердің арқасында екі елдің сауда-экономикалық әлеуеті нығайып келеді.
Еске салайық, биыл 28 ақпанда Сианьда Қазақстан терминалы ашылып, Қытай – Қазақстан – Әзербайжан бағыты бойынша алғашқы пойыз жолға шыққан болатын.
«Бірақ Қазақстан да, Әзербайжан да көлік-транзит мүмкіндіктерін белсенді дамытқанын атап өткен жөн. Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында ұлттық теміржол және автомобиль жолдары жақсы дамығаны белгілі. Қазір елімізде бұл бағдарламаның екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Әзербайжан Баку-Тбилиси-Карс темір жолының жеке бөлігін салды. Осының бәрі екі елдің транзит мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырды. Осылайша, Астана мен Баку Транскаспий халықаралық көлік жолы деп аталатын жаһандық құрлық көлік коммуникацияларының маңызды буыны болып саналады. Бұған біздің елдеріміз президенттерінің Әзербайжандағы келіссөздерінің қорытындылары мен қол қойылған құжаттары да дәлел», – деді Болат Әуелбаев.
Сарапшы Әділ Қаукенов Транскаспий бағыты жылдан жылға ауқымын ұлғайтып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2022 жылы тасымалдау көлемі екі есе өсті, 2023 жылы өсім 65 пайызды құрады. Сонымен қатар, бұрын бұл бағытпен жөнелтілмеген жаңа өнімдер тасымалдана бастады, мысалы, Германияға мұнай жіберілді. Осыған сәйкес, ел басшылары тауар айналымын барынша арттырып, 10 миллион тоннаға жеткізу міндетін қойды. Ал, Қытай – бұл бағыттың басты клиенті.
«Қытай – бұл жағдайда Қазақстанның да, Әзербайжанның да осы бағыттағы клиенті және өзі де жаңа нарықтарға қол жеткізу үшін – Солтүстік, Оңтүстік және Орта бағыттарды дамытуға мүдделі тарап деуге болады. Еуропа және Таяу Шығыс сияқты жаңа және дәстүрлі аймақтардың бағасы, қауіпсіздігі және құрлықтағы жеткізулердің басқа артықшылықтарын ұсынатын жаңа маршруттар бойынша байланысын нығайтқысы келеді», – деді Әділ Қаукенов.

Қазақстан-Әзербайжан инвестициялық қоры құрылады
Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алғашқы отырысында сауда-экономика, инвестиция, мұнай-газ, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері, цифрлық коммуникация және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастықты дамыту мәселелері қарастырылды. Бұл ретте сарапшы Болат Әуелбаев біздің республикалар инвестиция тұрғысынан қарым-қатынастарды дамытып жатқанын, сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлетінін атап өтті.
«Бұл Қазақстанның батыс аймағы және Шығыс Зәңгезүр экономикалық ауданы мен Әзербайжанның Қарабақ экономикалық аймағының дамуы жағдайында маңызды болады деп болжауға болады. Президент Ильхам Әлиев инаугурацияда Қарабақ экономикасының қалпына келуін ерекше атап өтті. Айта кетерлігі, бұл өңірдің агроөнеркәсіп кешені мен туризмді дамыту жағынан болашағы зор. Қарабақ «қара бақша» дегенді білдіреді. Топырағы құнарлы және ауа райы қолайлы. Болашақта оның дамуы екі жаққа да тиімді болмақ. Елдер аграрлық секторда ынтымақтастық орната алады», – деді Болат Әуелбаев.
Сарапшы Қазақстан солтүстік облыстарынан астық пен ұн жеткізе алады, ал Әзербайжан біздің батыс өңірді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ете алатынын атап өтті. Егер біздің кәсіпкерлер Әзербайжандағы ауыл шаруашылығы жобаларын дамытуға қызығушылық танытса, бұл бизнес тұрғысынан, сондай-ақ Қазақстанды қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету үшін де жақсы перспектива болмақ және ұлттық азық-түлік қауіпсіздігіне ықпал етеді.

Жасыл энергетика
Екіжақты байланыстың нығайғанына Каспий теңізінде «жасыл энергетиканың» дамып жатқанын да айтуға болады. Сарапшы Болат Әуелбаев желден электр энергиясын өндіруді дамыту үшін үлкен ресурстар барын атап өтті. Мұндай мүмкіндіктерді пайдалану қажет және қазірдің өзінде Қазақстан жағынан да, Әзербайжан жағынан да ауқымды жобалар әзірленіп жатыр.
«Биыл қарашада Бакуде БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына (COP-29) қатысушылардың 29-шы конференциясы өтеді. Бұл – климаттың өзгеруімен күресуге, парниктік шығарындыларды азайтуға және экономиканы «жасыл технологияларды» пайдалануға көшуге бағытталған өте маңызды және ауқымды шара. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжанға инновациялық әзірлемелер, жаңартылатын энергия ресурстарын дамыту және ЕО елдеріне экспорттау мәселелерін белсендірек талқылауға және «жасыл энергетика» саласындағы бірлескен жобаларды бастауға мүмкіндіктер ашады», – деп қорытындылады пікірін сарапшы Болат Әуелбаев.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған конференцияға қатысуға шақыруды ықыласпен қабыл алғанын айтқан болатын.
«Мұндай шараны өткізу – Әзербайжан мемлекеті мен оның дипломатиясы үшін айтулы тарихи жетістік. Саммит қазіргі климат мәселелерін реттеу және жаһандық ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан өте маңызды. Баку бұл міндетті абыроймен атқаратыны сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысында.