Нәтижелі ізденістер әлемнің жоғары технологиялық нарығында еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді - В. Школьник

Елбасы «Атом саласы қызметкерлері күнін белгілеу туралы» Жарлыққа 2008 жылы 12 мамырда қол қойған болатын. Қазатомөнеркәсіптің еңбекте айрықша көзге түскен қызметкерлері мереке құрметіне Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Компанияның Басқарма төрағасы Владимир Школьник өзінің мерекелік құттықтауында: «Қазіргі атом индустриясы Қазақстан Республикасының экономикалық дамуындағы маңызды стратегиялық бағыттардың бірі болып отыр. Қарыштап дамып келе жатқан саладағы нәтижелі ізденістер әлемнің жоғары технологиялық рыногында еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді», - деп атап өткен.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясында қазіргі таңда 23 мыңнан астам жұмыс жасайды. Ол - уран, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы жабдықтар, технологиялар және қосарлы мақсатта қолданылатын материалдардың импорт-экспорты жөнінен Қазақстанның ұлттық операторы. Компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда, Қазақстан бүгінгі таңда табиғи уран өндіру жөнінен әлемде 1-орында келе жатыр. Республикада жұмыс істеп жатқан 21 кеніш пен өндіріс кешендері табиғи уранға деген әлемдік сұраныстың 30 пайызын қанағаттандырып отыр. Алдын ала болжам бойынша ағымдағы жылы еліміздегі уран өндірісінің көрсеткіші 19 900 тоннаға жетпек. Ал өткен 8 айда өндірілген табиғи уран көлемі 12284 тоннаны құрады.