НАТО ауғандық қауіпсіздік күштерін қолдауды арттырады, немесе Ауғанстандағы қалу мерзімін ұзартады - Альянс бас хатшысы
Бұл туралы журналистерге Альянс Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен сейсенбі, мамырдың 25-інде Брюссельдегі НАТО штаб-пәтерінде Армения Президенті Серж Саргсянмен болған кездесудің қорытындысы бойынша мәлім етті.
Ол, 2010 жыл НАТО-ның Ауғанстандағы қызметіндегі шешуші жыл деп жарияланғанын еске сала кетіп, осыған байланысты елдегі жағдайды тұрақтандырудағы ауғандық қауіпсіздік күштерінің ролін арттыруға Солтүстікатлантикалық альянстың айрықша назар аударуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Оған қоса, бұған дейін Альянстың баспасөз қызметі хабарлағандай, НАТО ауған ресми өкіметінің проблемаларды саяси және әскери жолмен шешуге белсенді атсалысу мәселелерінде Кабулды қолдау ниетін білдіріп отыр.
Ал ҚазАқпарат бұған дейін хабарлағандай, біздің республикамыздың ЕҚЫҰ-ға төрағалығының аясында, Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға ерекше назар аударуда. ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы -Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев жақында Ауғанстан Ислам Республикасына жасаған сапарының барысында атап көрсеткендей, ауған проблемасы 2010 жылы Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитінің күнтәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болуы мүмкін.