«Наурыз» ипотекасына алғашқы үш сағат ішінде 2218 өтінім түскен

АСТАНА. KAZINFORM – Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасы мен «Наурыз Жұмыскер» бағытына өтінім қабылдау қалай жүріп жатқаны туралы мәлімет таратты.

ипотека
Коллаж: Kazinform / Freepik

- «Наурыз» бағдарламасына өтінім қабылдау 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғасады. Бағдарламаға алғашқы үш сағаттың ішінде барлығы 2218 қазақстандық өтінім берді. Оның ішінде 813 өтінім алғашқы сағатта сәтті тіркелсе, қалған 1128 өтінім қазір қаралу үстінде. Қазақстандықтар «Наурыз» бағдарламасымен пәтер алу үшін көбінесе Астана, Алматы Шымкент қалаларын таңдап жатыр, - деп жазылған ресми ақпаратта.

Бағдарлама бойынша өтінім бергендердің 73%-ы 35 жасқа дейінгі жастар.

- Жалпы өтінім берушінің портреті мынадай: бұл – кәмелетке толмаған балалары бар отбасылы адам. «Наурыз» бағдарламасына барлық қазақстандық қатыса алады. Олардың қатарында әлеуметтік осал топтардың өкілдері (тұрғын үй кезегінде тұрғандар), жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемін алушылар, Отбасы банк салымшылары, сондай-ақ моноқалалардың, аудан орталықтарының және ауылдардың тұрғындары бар, - деп жазады банк мамандары.

Бағдарламаға қатысу үшін келесі талаптарға сай болу қажет:

- Отбасы банкте депозиттің болуы. (Депозиттің ашылған уақыты маңызды емес).

- Отбасы банктегі жинақ шотында кемінде 2 миллион теңге болуы. Бұл соманы бағдарламаға өтінім берер алдында бір реттік жарна ретінде салуға болады.

- Соңғы 5 жыл ішінде қатысушының және оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы тиіс. Отбасы мүшелеріне – ерлі-зайыптылар мен олардың кәмелетке толмаған балалары жатады.

- Соңғы 6 айда ресми табыстың болуы.

Отбасы банк төрағасы Ләззат Ибрагимованың мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың он айында «Наурыз» бағдарламасы мен «Наурыз Жұмыскер» бағыты 6 920 қазақстандыққа жаңа пәтерге көшуге мүмкіндік берген.

Өтінім қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін балдар есептеліп, әрі қарай несие беруге қатысатын қатысушылар тізімі қалыптасады. Балл есептеу процесі автоматты режимде жүргізіледі.

Балл есептеу критерийлері:

ХӘАҚ (әлеуметтік тұрғында аз қамтылған санат) тобының мәртебесінің болуы – 10 балл;

- Балаларының болуы – 10 балл, санына қарамастан;

- Тіркелген некенің болуы – 5 балл, некенің ұзақтығына қарамастан;

- Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса есептегенде) – 5 балл;

- ЖСС салымындағы сыйақы мөлшері – әр 1 000 теңгеге 1 балл.

- «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы бойынша өтінімдер 2025 жылдың 3 қарашасынан бастап қабылданады. Бұл бағыт бойынша конкурс жоқ. Қатысушыға жұмыс орны бойынша анықтама алу жеткілікті, онда жұмыс берушінің қызмет түрі, лауазымы және мамандығы көрсетіледі, содан кейін өтінімін жақын орналасқан Отбасы банк бөлімшесіне тапсыруға болады.

Жұмыс орындарының атаулары, кәсіпорындардың экономикалық қызмет түрлері және жұмыс орны анықтамасының үлгісі банктің ресми сайтында жарияланған. Жалпы, бұл бағдарлама 1 143 қызмет түрін және 8 230 жұмыс мамандығын қамтиды.

«Наурыз» бағдарламасы мен «Наурыз Жұмыскер» бағытының шарттары бірдей:

Бастапқы жарна: алғашқы нарықтағы дайын пәтерді сатып алғанда – кемінде 10%; алғашқы нарықтағы қаңқалық (черновая) пәтерді немесе екінші нарықтағы пәтерді сатып алғанда – кемінде 20%;

Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі: 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін);

Барлық азаматқа несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі: 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін);

Несие мерзімі: 19 жылға дейін.

«Наурыз» бағдарламасы және «Наурыз Жұмыскер» бағыты бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде ұсынылатын шарттар:

Алғашқы нарықтағы тұрғын үй, оның ішінде КЖК кепілдігі және сақтандыру құралымен үлестік қатысу шарты бойынша;

Екінші нарықтағы тұрғын үй моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде ғана, бірақ жылдық бөлінген қаражат көлемінің 30%-ынан артық емес.

Несие бойынша ең үлкен сома:

- Алматы мен Астана үшін – 36 млн теңгеге дейін;

- Басқа өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Сонымен қатар бір несие бойынша сатып алынған алғашқы нарықтағы пәтерді жөндеуге қаражат алуға болады. Жөндеуге арналған несие сомасы пәтерді сатып алу үшін алынған несие сомасының 20%-ынан аспауы тиіс.

Бағдарлама қатысушылары алғашқы нарықтағы тұрғын үйді Baspana Market порталы (otbasybank.kz) арқылы таңдап, брондап, сатып ала алады.

Бұл платформаға орналастырмас бұрын, әрбір объекті ағымдағы нарық бағалары негізінде бағаның келісу процесінен өтеді. Егер баға нарыққа сәйкес келсе, сол объектінің құрылысшысымен тұрғын үйді сату бойынша келісімшарт жасалады және 1 шаршы метрге баға бекітіледі. Бұл тұрғын үй бағдарламасы басталған кезде бағалардың жасанды өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта платформада таңдау үшін шамамен 627 нысаннан 10 069 пәтер ұсынылған.

Бұған дейін «Наурыз» бағдарламасы: 35 жасқа дейінгі үміткерлерге қосымша ұпай берілетінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар