Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Наурыз АҚШ-та танымал мейрамға айналып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз қарсаңында АҚШ астанасы Вашингтонда көктем мерекесіне орай гала-кеш өтті. Қаланың ең байырғы да әдемі залдарының бірінде бесінші рет өткізіліп отырған осы жарқын да әсерлі шара американдық элитаның зайырлы қабылдауларының астаналық күнтізбесінде нық орнын тапқан.

Наурыз АҚШ-та танымал мейрамға айналып келеді

Осындай мақсат үшін американдық демеушілер мен Қазақстан Елшілігі бастамасымен құрылған коммерциялық емес және қайырымдылық ұйымы - «Наурыз» комиссиясы өткізген гала-кешке Ақ үйдің, Мемлекеттік департаменттің, Конгрестің, дипломатиялық корпустың, іскери және қоғамдық орталардың бес жүзден астам өкілі жиналды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Кеш бағдарламасында Жібек жолы аймағынан келген музыканттардың дәстүрлі концерті мен Еуразия және Таяу Шығыс елдерінің қолдауымен әзірленген көркем этникалық бұрыштар қонақтар назарына ұсынылды. Онда осы ежелгі мейрамды мерекелейтін елдердің мәдениеті мен дәстүрлері көрініс береді. "Қазақстан" бұрышында бауырсақ пен дәстүрлі тәттілерден дәм татып, ел туралы кітаптар мен материалдармен танысуға, сондай-ақ ҚР-ның заманауи даму жолы туралы бейнематериалды тамашалауға мүмкіндік болды. «Наурыз» комиссиясының құрметті теңқұрушысы ретінде Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов шара қонақтарына бейнеқұттықтауын арнап, мейрам философиясын түсіндіре отырып, қонақжайлығымен танылған біздің елге келуге шақырды. Атап өткен жөн, «Наурыз» комиссиясы 2010 жылы Қазақстанның АҚШ-тағы бұрынғы Елшісі, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, қоғам қайраткері Бижан Киян және әйгілі филантроп Насер Каземини бастамасымен көктем мейрамын Америкада дәріптеу мақсатында құрылған. Сонымен қатар шара барысында «Наурыз» комиссиясының төрағасы Н.Каземиниге салтанатты түрде ТҮРКІСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің сыйы табыс етілді. ТҮРКІСОЙ да Америка мен Еуропада Наурыз мейрамын дәріптеумен белсенді айналысып жүрген ұйым екендігі ерекше аталып өтті. Шараға қатысушылар Қазақстанда, Ауғанстанда, Әзербайжанда, Грузияда, Иракта, Қырғызстанда, Ресейде, Тәжікстанда, Түркияда, Түрікменстанда, Украинада Наурыздың қалай мерекеленетіндігі туралы бейнематериалды тамашалап, бұл мейрамды бірлесе атап өтудің Америкада дәріптеуге септігін тигізіп қана қоймай, Еуразия мен Таяу Шығыс халықтарының өзара достығын нығайтуға да оң әсер тигізетінін тілге тиек етті.