Назарбаев Университеті еліміздің барша жоғары білім оқу орындарының болашақтағы дамуына негізгі бағыт-бағдар - Б. Жұмағұлов
АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Назарбаев Университеті еліміздің барша жоғары білім беретін оқу орындарының болашақтағы дамуына негізгі бағыт-бағдар.
Бұл туралы бүгін Жоғары білім беру көшбасшыларының Еуразиялық форумы барысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Жоғары білімнің қазақстандық жүйесі жоғары білім берудің еуропалық кеңістігі мен ТМД-ның кеңістігінің бір бөлігіне айналды. Сонымен қатар жоғары білімнің Оталық Азия аймағын құру бойынша басталған жұмыстарға үлкен маңыз беріліп отыр. Осы салада біздің тарапымыздан 124 үкіметаралық келісімдер мен меморандумдар табысты іске асырылып жатыр», - деді министр.
Осы орайда Б. Жұмағұлов әлемдік білім беру кеңістігінде Қазақстанның тиімді ықпалдастық тетігі «Болашақ» бірегей бағдарламасына байланысты екендігін баса айтты. Бұл тұрғыда мыңдаған талапты жас қазақстандықтар әлемнің үздік оқу орындарында тәлім алды. Мәселен, Ұлыбританияда еліміздің жастарын оқыту үшін 2 мыңнан астам степендия бөлінген екен.
Бұдан бөлек, министр АҚШ-тың алдыңғы қатарлы көптеген жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалғанын жеткізді. Олардың қатарында Гарвард, Массачусетс және Рочестер технология институты, Стэнфорд университеті, Нью-Джерси технологиялық университеті, Питтсбург және Пенсильвания университеттері бар екендігін айтып өтті.
«Назарбаев Университеті біздің ерекше оқу орнымыз болып табылады және еліміздің барша жоғары білім беретін оқу орындарының болашақтағы дамуына негізгі бағыт-бағдар болмақ», - деп түйіндеді Б. Жұмағұлов.