NCOC пен Қазақстан арасындағы экологиялық дау: тараптар қандай уәж келтірді
АСТАНА. KAZINFORM — «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» (NCOC) компаниясына қатысты 2,3 триллион теңге көлеміндегі экологиялық айыппұл төңірегіндегі дау жалғасып жатыр. Компания айыппұлмен келіспейтінін мәлімдеп, халықаралық төрелік рәсімдерге жүгінсе, Қазақстан тарапы сот шешімі заңды күшіне енгенін және оны орындау міндетті екенін атап өтті. Kazinform агенттігі тараптардың ұстанымдарын саралап, дауға қатысты негізгі мәліметтерді ұсынады.
Ақпарат күкіртті сақтау жөніндегі рұқсат талаптарының болжамды бұзылуына қатысты. Егер NCOC болжамды заң бұзуға байланысты салынған 2,3 триллион теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды 20 шілдеге дейін төлемесе, атқарушылық іс жүргізу басталып, мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін.
Осы экологиялық дау аясында Kazinform агенттігі тараптардың ұстанымдарын анықтап, мәселенің мән-жайына үңілді.
Атап айтқанда, NCOC компаниясы салынған айыппұлмен келіспейтінін және мәселені халықаралық төрелік арқылы шешуге тырысып жатқанын мәлімдеді.
— NCOC және мердігер компаниялар айыппұлды да, сондай-ақ осы айыппұлды негіздеуге байланысты тағылған айыптауларды да қабылдамайды және оларды қолжетімді барлық құқықтық құрал арқылы даулап жатыр. Бұл ретте Республика атап өткен ICSID төрелігімен ғана шектелмей, сондай-ақ Республика өзі бастамашылық еткен UNCITRAL төрелігіне де жүгініп отыр, — делінген ресми жауапта.
Бұдан бөлек, UNCITRAL төрелігі аясындағы іс қарау барысында төрелік трибунал түпкілікті шешім қабылданғанға дейін Республикаға аталған айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға тыйым салатын қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдаған.
— Біз Республика бастамашылық еткен төрелік талқылаулардағы қамтамасыз ету туралы бұйрықты орындауды қоса алғанда, осы төрелік рәсімдердің тұтастығын құрметпен сақтайды деп үміттенеміз, — делінген құжатта.
NCOC компаниясы барлық қажетті рұқсатты алғанын және оларды сақтайтынын тағы да мәлімдеді. Компания күкіртті басқару бойынша жұмыстарды әрдайым заң талаптарына толық сәйкес жүргізіп келгенін атап өтті.
Сонымен қатар Kazinform агенттігі халықаралық дауға қатысты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ұстанымын білді және жағдайдың одан әрі қалай өрбитінін сұрады.
Ведомство мәліметінше, Қазақстан халықаралық құқық қағидаттарын дәйекті түрде ұстанады және шетелдік инвестицияларды қорғау жөніндегі міндеттемелерді қоса алғанда, өзінің халықаралық міндеттемелерін адал орындайды.
— «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясына салынған экологиялық айыппұл Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзуға негізделгенін атап өтеміз. Аталған заң бұзу күкіртті сақтау көлемдеріне қойылатын талаптардың орындалмауынан көрініс тапты. Салынған айыппұлдың негізділігі мен заңдылығы Қазақстан Республикасы соттарының шешімдерімен расталды, — делінген ресми жауапта.
Министрлік мәліметінше, 2026 жылғы 19 маусымда Атырау облыстық соты төменгі сот шешімін қолдап, NCOC компаниясына салынған экологиялық айыппұлды күшінде қалдырды. Шешім заңды күшіне енді және 20 шілдеге дейін ерікті түрде орындалуы тиіс. Орындалмаған жағдайда компанияға мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылып, қосымша 10 пайыздық атқарушылық санкция салынуы мүмкін.
Сонымен бірге министрлік NCOC компаниясының UNCITRAL төрелік трибуналының аралық бұйрығының құқықтық салдарына қатысты мәлімдемесін негізсіз деп атап өтті.
Министрліктің пікірінше, UNCITRAL төрелігі инвестициялық емес, коммерциялық төрелік. Сондықтан оның өкілеттіктері жеке-құқықтық дауларды шешумен шектеледі және мемлекеттің экологиялық заңнаманы орындау жөніндегі егеменді өкілеттіктеріне қолданылмайды.
— Шетелдік коммерциялық төреліктің қамтамасыз ету шарасы Қазақстан Республикасының аумағында автоматты түрде қолданылатын заңды күшке ие емес. 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясының 3-бабына сәйкес, оған қатысушы мемлекеттер төрелік шешімдерді міндетті деп таниды және оларды осындай шешімдерді тану және орындау сұралатын аумақтың іс жүргізу нормаларына сәйкес орындауға жатады, — делінген құжатта.
Сондай-ақ ведомство шетелдік коммерциялық төреліктің қамтамасыз ету шаралары Қазақстан аумағында автоматты түрде заңды күшке ие болмайтынын және оларды тану мен орындау ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл жағдайда түпкілікті төрелік шешім емес, аралық қамтамасыз ету шарасы туралы сөз болып отыр.
Оған қоса, UNCITRAL-дың халықаралық коммерциялық төрелік туралы үлгілік заңы да қамтамасыз ету шараларын тану және орындау мәселесі ұлттық заңнамаға сәйкес мемлекеттің құзыретті соттары арқылы шешілетінін көздейді (17H–17I баптары), делінген құжатта.
Министрлік айыппұлды өндіріп алу мемлекетке тиесілі экологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттіктер шеңберінде жүзеге асырылатынын атап өтті. Мемлекеттік органдар заңды күшіне енген сот актілерін орындауға міндетті.
Экологиялық заңнама қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталғандықтан, экологиялық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік шараларын қолдану коммерциялық төрелік шешімдерімен шектелмейді.
Атап айтқанда, Қазақстан «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына қатаң сәйкес әрекет ететін болады.
— Мемлекеттік органдар сот актілерін орындаудың заңда белгіленген тәртібін елемеуге немесе заңнамада көзделген рәсімдерді айналып өтуге құқылы емес, — деп атап өтті ведомство.
Әділет министрлігі сондай-ақ NCOC компаниясының өз баспасөз мәлімдемесінде UNCITRAL қағидалары бойынша жалғасып жатқан төрелік талқылауға қатысты елеулі мәліметтерді, оның ішінде трибуналдың қамтамасыз ету туралы бұйрығына байланысты ақпаратты жариялағанына алаңдаушылық білдірді.
Ведомствоның айтуынша, мұндай талқылау барысы туралы мәліметтерді көпшілікке жария ету халықаралық төреліктің құпиялылық қағидатына сәйкес келмейді және төрелік іс жүргізудің тиісті түрде жүргізілуіне ықпал етпейді.
Бұған дейін Қашаған операторлары Қазақстанға 2,3 трлн теңге айыппұл төлеуге тиіс екенін жазғанбыз.