Негізгі ҰБТ қорытындысы: талапкерлердің көпшілігі шекті межеден өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінге дейін негізгі ҰБТ аясында 326 мың рет тест тапсырылды. Қорытынды бойынша талапкерлердің 72%-ы шекті балл жинады, орташа балл – 67 (5 пән бойынша). Ең жоғары нәтиже – 140 балл.

Ұлттық тестілеу орталығының дерегінше, ерекше білім беру қажеттілігі бар 657 талапкер ҰБТ-ға қатысты.
Тестілеу барысында ереже бұзғаны үшін 550 адамның нәтижесі жойылды, оның ішінде:
-
260 талапкер тыйым салынған заттарды алып өткені үшін тестілеуге жіберілмеді;
-
289 адам тестілеу кезінде ереже бұзып, аудиториядан шығарылды;
-
бейнежазбаны тексеру нәтижесінде 1 адамның сертификаты жойылды;
-
бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
Пәндік комбинация таңдауда талапкерлердің:
-
18%-ы «Математика-Физика»,
-
16%-ы «Биология-Химия»,
-
13%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған.
Негізгі ҰБТ 7 шілдеге дейін жалғасады.
Айта кетейік, алматылық оқушы ҰБТ-дан 140 балл жинап, пәтерге ие болды.