Некеге тұруға мәжбүрлеу мен «дропперлік» үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

Заңда қылмыстық жауаптылықты белгілеуге, жаза тағайындауға және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларына, үкімнің орындалуына байланысты қоғамдық қатынастар реттеледі.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметіне қарағанда, заң қылмыстық процеске барлық қатысушылардың мүдделерін сақтауды ескере отырып әзірленді. Онда азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, қылмыстық процестің бәсекелестігін нығайту, қылмыстық процесті оңтайландыру және «бюрократиядан арылту» мәселелері теңгерімді түрде пысықталды.
Атап айтқанда, заңда азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуды болғызбайтын нормалар ескерілген.
Адвокаттарға айыптау актісіне қарама-қарсы құжатты – қорғау актісін сотқа енгізу құқығы беріледі.
Түзетулердің жекелеген блогында қылмыстық жазаларды тағайындау, босату және орындау тәртібін ұтымды ету көзделеді.
Сонымен қатар, заңда мынадай түзетулер қамтылған:
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қылмыстық кодекске жеке адамға қарсы аса қауіпті және ауыр қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты күшейту бойынша бірқатар түзету енгізілді;
- өмір бойына бас бостандығынан айыру қолданылмайтын адамдар санаттарын кеңейту. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 46-бабы, егер баптың санкциясында өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа жазаның өзге түрі көзделмесе, онда он сегіз жасқа дейін қылмыс жасаған адамдарға он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру тағайындалады, ал әйелдерге, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге жиырма жылдан жиырма бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындайтын нормамен толықтырылады;
- некеге тұруға мәжбүрлегені үшін, сондай-ақ «дропперлік» (алаяқтарға кибер-алаяқтықты жүзеге асыру мақсатында жалған төлем дроп-карталарын ұсыну) үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді;
- шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылуы мүмкін адамдардың тізбесі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған адамдармен толықтырылды;
- ауыр қылмыстар және аса ауыр қылмыстар бойынша соттылықты өтеу мерзімі тиісінше 8 және 10 жылға дейін ұзартылды (бұрын жалпы тәртіппен соттылық сәйкесінше 6 және 8 жылдан кейін өтелетін);
- Қылмыстық кодекске сталкинг, яғни адамды оның еркіне қайшы келетін, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге әкеп соққан байланыс орнатуға және оның ізіне түсуге бағытталған іс-әрекеттерде көрініс табатын, адамды заңсыз қудалағаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жаңа 115-1-бап енгізілді;
- шегілмейтін темекі бұйымдарын және вейптерді сату және тарату мақсатында сақтағаны, жөнелткені, тасымалдағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленді;
- Қылмыстық кодекске әуе кемесін басқаруға кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жеке 352-1-бап енгізілді;
- топтасып жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылыққа қатысты нақтылаушы түзетулер қабылданды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Жоғарғы сотының судьялары қызметінен босатылды.