Неліктен полицияға түскен әрбір арыз бірден қылмыстық іске айналмайды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысы Полиция департаменті азаматтардың әрбір өтініші бойынша қылмыстық іс бірден қозғала бермейтінін мәлімдеді. Алдымен оқиғаның мән-жайы жан-жақты тексеріліп, құқықтық баға берілуі тиіс.
Көптеген азамат өтініш бергеннен кейін қылмыстық іс бірден тіркеліп, тергеу сол сәтте дереу басталуы тиіс деп ойлайды. Алайда полицияға арыздың түсуі қылмыстық процестің автоматты түрде басталғанын білдірмейді.
— Полицияға келіп түскен әрбір өтініш міндетті түрде тіркеліп, қаралады. Сонымен қатар процессуалдық шешім қабылданғанға дейін оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, әрекетте қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің бар-жоғын белгілеу қажет, — дейді тәртіп сақшылары.
Полицияның түсіндіруінше, сырттай ұқсас көрінетін жағдайлардың құқықтық табиғаты әртүрлі болуы мүмкін. Бір жағдайда қылмыстық құқықбұзушылық белгілері анықталса, екінші жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық немесе азаматтық-құқықтық дау болуы ықтимал. Мәселен, қарызға берілген ақшаны қайтару туралы дау азаматтық-құқықтық қатынастарға жатуы мүмкін. Алайда егер адамның бастапқыда бөтеннің мүлкін алдау жолымен иемдену ниеті болғаны анықталса, оның әрекетінен алаяқтық белгілері көрінуі мүмкін.
Сондай-ақ таныс адамдар арасындағы жанжал бір жағдайда тұрмыстық кикілжің ретінде бағаланса, екінші жағдайда қасақана денсаулыққа зиян келтіру, қорқыту немесе бопсалау белгілерін қамтуы мүмкін. Сондықтан полиция қызметкерлері арыз иесінен, оқиғаға қатысы бар адамдардан және куәлардан жауап алады, құжаттарды, бейнебақылау камераларының жазбаларын, хат алмасуларды, ақша аударымдары туралы мәліметтерді зерделейді. Қажет болған жағдайда сараптамалар тағайындалып, шешім қабылдауға маңызы бар өзге де материалдар сұратылады.
Қазіргі таңда дәлелдемелердің едәуір бөлігі цифрлық ортада сақталады. Мессенджерлердегі хат алмасулар, банк аударымдары, мобильді құрылғылардағы деректер, аудио және бейнежазбалар оқиғаның толық көрінісін қалпына келтіруге көмектеседі. Алайда мұндай мәліметтерді алу, зерттеу және процессуалдық тәртіппен бекіту белгілі бір уақытты талап етеді.
Тергеу қызметкерлерінің айтуынша, тексерудің мақсаты — процесті созу емес, нақты фактілер мен дәлелдерге сүйене отырып, заңды әрі негізді шешім қабылдау.
— Жеткілікті негіздерсіз асығыс шешім қабылдау оқиғаны дұрыс емес құқықтық саралауға, процесс қатысушыларының құқықтарының бұзылуына және негізсіз қорытындыларға әкелуі мүмкін, — деп ескертті ведомство.
Полиция азаматтарға өтініш берген кезде оқиғаның мән-жайын барынша толық баяндап, қолда бар материалдарды қоса ұсынуға кеңес береді. Атап айтқанда, хат алмасулар, скриншоттар, түбіртектер, чек-квитанциялар, аудио және бейнежазбалар, медициналық құжаттар, сондай-ақ ықтимал куәлар туралы мәліметтер құқықтық баға беруді жеделдетуге және нақтылауға мүмкіндік береді.
— Осылайша, қылмыстық процестің бірден басталмауы полиция әрекетсіздігін білдірмейді. Бұл — оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерттеуге, дұрыс құқықтық баға беруге және заңды, негізді процессуалдық шешім қабылдауға бағытталған қажетті кезең, — деп түйіндеді Абай облыстық ПД.
Осыған дейін Ұлытауда кәсіпорын директоры тергеушіге пара бермек болған сәтте ұсталғанын жазған едік.