Немерелері Диснейленд деп атайды: ақтөбелік зейнеткер ауылдағы ауласын ертегі әлеміне айналдырды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қобда ауданы Білтабанов ауылының тұрғыны Екатерина Чуварь кейінгі 10 жылда өз ауласын адам танымастай өзгертті. Тас, пластикалық бұйымдар мен шыныны пайдаланып, шағын аумақты жылы ұяға айналдырды. Жас жұбайлар фотоға түседі, сырттан келгендер қызықтайды. Ал немерелері атасы мен әжесінің үйін Диснейлендке теңейді.
Ауыл ішіндегі жазғы бақ
Ақтөбеден Қобда ауданына барғанда көлікпен небары 15 минут ішінде Білтабанов ауылына жетуге болады. Мұнда орталықтандырылған ауыз су, газ бар. Негізгі көшеге асфальт төселген, жарықтандырылған. Шағын футбол, ойын алаңы бар.
Бәрінен ауыл шетінде орналасқан Екатерина Чуварьдың үйі менмұндалап тұр. Себебі айналасы баққа айналған, түрлі қолөнер бұйымдарымен қоршалған аула көптің көзін жаулайды. Мұндағы әр бұйымның өз тарихы, жеткізу жолы бар.
- Менің негізгі мамандығым – есепші. Қазіргі кезде зейнеткермін. Өзім осы үйге келін боп түскеннен бастап ауланы баптап, реттеп отырдым. Ал кейінгі он жылда әсем орынға айналды. Жылдар бойғы еңбектің қазір жемісі көріне бастады. Келген адам, көрген жан қызығады, таңқалады, сырын сұрайды. Ол үшін адам табиғатты сүю керек. Табиғатқа жан-тәнімен берілсе, кереметтерді жасайды. Қазір аула ішіне емес, көшеге де ағаш еккім келеді. Қуат аласың, тың боласың. Бір айтарым, табиғатты аялайтын адамның жүрегі де кең. Балаларын да, немерелерін де табиғатты сүюге үйретеді. Біз айналамызды сақтап, қолымыздан келгенінше аялап, жаңа дүние жасауымыз керек. Кейін одан қуат алатынымыз сөзсіз. Таңертең тұрғанда кейде «Қайырлы таң, менің бағым, аулам» деп айқайлағым келеді, - деді Екатерина Чуварь.
Қоқыстағы әр тастың, пластикалық бұйымның әдемі дүниеге айналуы оңай шаруа емес. Мәселен, ауладағы шыны құбырларды бір кездері ауыл іргесіндегі алаңнан тапты. Бұл ауылдағы сүт фермасынан қалған дүние.
- Аула ішіндегі ағаш, пластикалық бұйымдар мен түрлі көлемдегі тастарды да дәл осылай кезіктіріп, кәдеге жаратып отырмыз. Күйеуім де тапқанын әкеліп береді, ал мен ұқсатамын. Мәселен, жол құрылысы кезінде құм арасынан жұдырықтай тастар табылды. Бізде мектептегі жөндеу жұмыстарынан соң жарамсыз болып қалған қыш тақтайлар да бар. Онда өзім де, балаларым мен немерелерім де білім алған. Бұл бұрыш мен үшін үлкен естелік. Бала кезім, жастық шағым ойыма оралады. Ал 5 литрлік пластикалық ыдыстан құс жасадым. Мұндай дүниелерді қыста, жұмыс азайғанда істеймін. Жазда сырлап, құрастырамын. Балаларыма ұнайды, ал немерелерім Диснейленд деп келеді. Олар да үйренген. Демалысқа барған, қыдырған жерінен тасты да, пластикалық ыдыстады да әкеледі. Сөйтіп олар да үлес қосып жүр, - деді ол.
Екатерина Чуварь біржылдық және көпжылдық гүлдерді егеді. Ауласындағы кейбір ағаштың көшетін Ресейден әкелген. Сонымен бірге бір кездері өзі жеген жеміс ағаштарының дәні бүгінде мәуелі баққа айналды. Шие, өрік, алшаның артылғанын сатады. Сонымен бірге қарақат, таңқурайдан тосап жасайды.
- Бақта көпжылдық және біржылдық гүлдер бар. Әрқайсысы әр түрлі уақытта гүлдейді. Тіпті өзен жағасынан тал әкеліп, тамырлаттым. Оны егіп, қиып, пішінін келтіріп отырамын. Бұл істі жаныммен жақсы көремін, сұлулыққа құштармын. Мен бақша баптап, аулаға күтімін жасап қана қоймай, 9 сиыр ұстаймын. Сол үшін таңда сағат 04:30 шамасында тұрамын. Сиырды сауып, сүт тартамын. Ал сағат 6-да сиырларды жайылымға шығарамын. Күнара қаймақ шайқап, май жасаймын. Келілеп бөліп қоямын. Ауладағы гүлдерге күнара су құямын. Көршілерім мені энерджайзер деп те атайды. Кешкілік сағат 22:00-де, кейде одан бір сағат кеш жатамын. Ал қыста ұйқымыз қанады, - деді ол.
Қазір бір қызы Мәскеуде, біреуі Қобда ауылында тұрады. Ал ұлы Алматыда. Әрқайсысына ауылдың дәмін жіберіп тұрады.
Білтабанов ауылынан ешкім көшпейді – ауыл әкімі
Иманғали Білтабанов ауылдық округіне үш елдімекен кіреді. Олар: Білтабанов, Қосөткел, Байтақ ауылдары. Ауылдағы әр отбасы мал, құс ұстайды, бау-бақша өсіреді.
- Үш елдімекеннің екі ауылында мектеп бар. Қосөткел ауылындағы мектеп 9 жылдық болса, Білтабанов ауылында аралас білім беретін орта мектеп жұмыс істеп тұр. Клубымыз да бар. Біртабанов ауылында дәрігерлік амбулатория, ал қалған екі ауылда медициналық пункт орналасқан. Биыл Білтабанов ауылына типтік мал қорымы мен типтік ветенариялық пункт салынып жатыр. Мұнда орталықтандырылған ауыз су қолданылса, қалған екі ауылда блокты-модульді жүйе қондырылды. Тұрғындар табиғи газды пайдаланып отыр. Спорт алаңы, балалардың ойын алаңы салынған. Тұрмыстық жағдайымыз жақсы, көшіп келушілер бар. Биыл екі отбасы келді. Ауылдан емес, Ақтөбе қаласынан да сұраныс бар. Бір жылда көшіп кеткен ешкім болмады, - деді Иманғали Білтабанов ауылдық округінің әкімі Жанна Төкешева.
Ауылдық округтегі Байтақ ауылында қазір небары 12 үй қалған. Бәрі де тек мал шаруашылығын кәсіп етіп отыр. Мектебі жабылды, ал медициналық пунктке мейірбике Қосөткел ауылынан барады. Қобда ауданы, соның ішінде Білтабанов ауылдық округі де көпұлтты мекен. Мұнда орыс, украин, молдаван, чехтер және поляктар қоныстанған. Ауылда бұған дейін немістер де көп болды. Кеңес үкіметі құлағанда олар атажұртына оралды.
- Қазіргі кезде үйлер қаңырап бос қалмайды. Осы ауылдың адамдары-ақ сатып ала береді. Сөйтіп олар үйін, ауласын кеңейтеді. Бұл мал шаруашылығына тиімді. Құс та көп, инкубатор бар. 2023-2025 жылдары аралығында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 14 кәсіп іске асты. Монша, жылыжай салынды. Ірі қара сатып алғандар да бар. Ауыл маңындағы су қоймасында балық шаруашылығы дамып келеді, - деді ауыл әкімі.
Соған қарамастан мектепте оқушы тапшылығы мәселесі бар. Жыл сайын бейнеролик дайындап, әлеуметтік желіге жариялайды. Оңтүстіктен, Атыраудан көшіп келуге сұраныс түскенімен, бәрі де жайлы орынды іздейді. Шаруа қожалықтары қолдау көрсеткенімен, жаңа үй салып беру қарастырылмаған.
- Қосөткелге де, Білтабанов ауылына да оқушы керек. Қосөткелде 29, ал Білтабановта 79 оқушы болып тұр. Білім ордасын сақтап қалу үшін хабарландыру беріп, ауылға шақырамыз. Бәрі де үй ішінде газ болғанын қалайды. Газ ауылда бар, тек үйге өздері кіргізіп алуы керек. Көшіп келушілерге мал да табылады. Мұғалім тапшы болғанымен, іргедегі аудан орталығынан келіп, сабақ береді. Оқушылардың сабақ үлгерімі, жетістігі жақсы, - деді ол.
Ауыл әкімі жұмыс сұрай келген адамдарға кәсіп бастау үшін жобалар ұсынады. Мәселен, ауылға көлік жуу орны, шаштараз керек.
Бұған дейін шекара түбіндегі Жайсаң ауылы туралы жазған болатынбыз. Мұнда 3 мыңнан астам адам тұрады. Мұнда әлеуметтік нысандардың бәрі бар, кейбірі күрделі жөндеуден өткен.