Немеремді балабақшаға беруге қорқам – Еділ Жаңбыршин
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин заңнамаға білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізуге арналған заң жобасын талқылау барысында балабақшаларды лицензия арқылы бақылау тетігін тезірек енгізуді ұсынды.
«Министр мырза, мұны көпке созуға болмайды. Лицензияны кіргізу керек және біз мына Кәсіпкерлік кодексті алып тастауымыз керек. Балаға білім беретін, тәрбие беретін нысандардың бәрін прокуратурасыз барып тексеруіміз керек. Мен өзі немеремді ондай жеруге беруден қорқам. Себебі ол ондай жерден қандай адам болып шығуы мүмкін? Ол жерге қандай адам кіріп, жұмыс істеп жатыр? Білмеймін ғой, оның басын қалай улап жатқанын», - деді депутат.
Еділ Жаңбыршин министрге бұл мәселе бойынша көмектесуге әзір екенін айтты.
«Сондықтан ешкімнен де қорықпау керек. Егер сізге депутаттар тарапынан қолдау керек болса, көмек керек болса, біз дайынбыз. Жекеменшік балабақшалар шулайды деп біз лицензияны кіргізбеуіміз керек пе? Олар кім сонша? Мемлекеттің барлық мүддесін ұстап отырған кәсіпкерлер ме? Олай емес. Министрлік мемлекеттік саясатты жүргізу керек», - деді ол.
Айта кетейік, аталмыш заң жобасында колледждерде онлайн оқыту тәсілін кеңінен тарату көзделіп отыр.