Колледждерде онлайн оқыту мен академиялық ұтқырлық енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Колледждер жүйесіне онлайн оқытуды енгізу ұсынылды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
«Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында онлайн оқыту және академиялық ұтқырлық енгізіледі. Қазіргі кезде еңбек нарығының талаптарына жауап беретін мамандарды сапалы даярлауды іске асыру үшін колледждер жүйесіне онлайн оқытуды енгізу ұсынылды. Бұл өзгеріс өндірістен қол үзбей, кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған және студенттерге оқу мен еңбек қызметін үйлестіре отырып, жеке бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік беру көзделген», - деді Ғ. Бейсембаев.
Оның айтуынша, мұндай тәжірибе АҚШ, Канада, Қытай, Австралия және Ұлыбритания сияқты елдерде кездеседі. Бұл елдердегі онлайн оқыту білім беру процестерінің тиімділігін арттырған. Онлайн оқыту форматын енгізудің негізгі мақсаты - колледждерге сала сарапшылары мен озық технологияларды тарта отырып, білім беру бағдарламаларын икемді бейімдеу, ал студенттерге жұмысты үзбей-ақ нақты жағдайларда практикалық дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасау.
«Экономиканы цифрландыру жағдайында ерекше сұранысқа ие IT-мамандықтарға басты назар аударылады. Елімізде IT-сала секторы даму үстінде — қазіргі уақытта осы бағыттар бойынша 56 мың студент оқытатын 227 колледж дайындықты жүргізіп келеді», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған заң жобасы аясында жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға көмек беріледі.