Жеке мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға көмек беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға көмек беріледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

жиын
Фото: Әли Ғалым

«Жеке мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында әлеуметтік көмек көрсету ескерілген. Қазіргі кезде мемлекеттік мектептерде оқитын халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) санатындағы 500 мыңнан астам балаға жалпыға міндетті білім беру шеңберінде тамақтанумен қамтамасыз ету және киім, мектеп керек-жарақтарын сатып алу түрінде көмек көрсетіледі. Алайда, жекеменшік мектептерде оқитын ХӘОТ санатындағы 25 мыңнан астам бала әлеуметтік көмек ала алмауда. Осыған орай меншік нысанына қарамастан ХӘОТ санатындағы барлық балаларға тең көмек көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтіліп жатыр», - деді Ғ. Бейсембаев.

Сонымен қатар министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әрбір баланың «отбасында өмір сүру және тәрбиелену» құқығын іске асыру бойынша түзетулер әзірленгенін айтты.

«Қиын жағдайға тап болған балаларға сенім мен жылулық атмосферасын қалыптастыру, психо-эмоционалды жағдайын сақтау, күйзелістен қорғау, қоғамда табысты әлеуметтендіру мақсатында отбасылық орналастырудың жаңа нысанын енгізу ұсынылады. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар институтын енгізу кезінде тиісті жаңа тәсілдер әзірленді. Балалар анықталғаннан кейін, балалалар үйіне емес, бірден отбасыларға табысталады. Әрбір бала ата-ананың назарымен және қамқорлығымен қамтылуы үшін бір кәсіби отбасында балалар саны 4-тен аспайды. Баланы қабылдайтын кәсіби отбасы мәртебесін алуға үміткер отбасылар психологиялық даярлықтан өтеді», - деді ведомство басшысы.

Министрлік мәліметіне қарағанда, қазір республикада 21 мыңнан астам жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Қамқоршылық (опека-15 668), патронат (1660), қабылдаушы отбасы (приемная семья- 332 бала, 65 отбасы), бала асырап алу (усыновление – 194) т.б. Жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесінде 12 жыл ішінде балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандар саны 4 есеге, ал балалар үйінің саны 2,5 есеге азайды. Қазір 115 ұйымда 3 727 жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленіп жатыр.

Осыған дейін көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 80 бала әскери мектепті аяқтағаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар