Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 80 бала әскери мектепті аяқтады

оқуды аяқтады
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ әскерінің элиталы өкілдерін дайындайтын «Арыстан» мамандандырылған лицейі биыл өз түлектерінің 12 буынын қанаттандырды. Бұл лицейде еліміздің әр өңірінен келген 240 оқушы білім алады. Ойы озық, жігерлі жастарды іріктейтін оқу ордасынан биыл 80 курсант үлкен өмірге қанат қақпақ. 

Мерекелік іс-шара түлектердің сапқа тұрып, лицейдің туын алып кіру рәсімінен басталды. Тудың өзі оқу орнының беделін, даңқын, оқу ордасының дәстүрлерін, әсіресе білім беру мекемесінің әскери дайындық бағытында білім беретінін айғақтайды. 

«Арыстан» лицейі курсанттардың интернатта жатуын, тегін білім алуы мен оқуға қажетті керек-жарақтың барлығымен қамтамасыз етуін әлеуметтік мақсаты деп таниды. Сондықтан оқуға қабылдау кезінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды қабылдауға басымдық береді. 

«Осы киелі шаңырақтың түлегі болғанымды мақтан тұрамын. Себебі мұнда тек білімді, белсенді оқушылар қабылданады. Лицейге түсу үшін бірнеше жыл дайындалдым. Бұл білім ордасы туралы интернеттен көрдім. Әскери білім ордаларының ішіндегі ең беделдісі екенін білген соң бірден білімімді шыңдай бастадым. Аталған оқу орынында жүріп еліме, жеріме, Отаныма деген патриоттық сезімді терең бойыма сіңірдім. Алған білімімнің арқасында еліміздің дамуына үлес қосамын деп ойлаймын», - дейді «SOS Алматы балалар қалашығының» тәрбиеленушісі. 

«Арыстан» лицейі – жоғары халықаралық талаптарға сай келетін, беделді білім ордасы. Жыл сайын лицейге түсу үшін 10-12 оқушы 1 орынға таласады. Олардың ішінде білім мен денсаулық жағынан тапсырылатын көп сатылы сынақтардан сүрінбей өткендері ғана оқуға қабылданады. 

Қор директорының айтуынша, лицей құрылғалы бері 900-ден аса түлек ұшып шықты. Биыл 80 курсант үлкен өмірге жолдама алды. 

«Курсанттар интернатта жатып тегін білім алады. Олар барлық керек-жарақпен қамтамасыз етіледі. Лицейдің қабырғасынан ұшқан түлектердің еліміздің беделді жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруының өзі білім ордасының сапа көрсеткішін білдіреді. Бүгінде түлектердің кейбірі Ішкі істер министрлігінде, Ұлттық ұлан қатарында, Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамында, Шекара қызметінде, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметі сияқты әртүрлі күш құрылымдарда қызмет етуде», - деді Сағынбек Шункеев.

Түлектерге арналған салтанатты жиында лицей бастығы – генерал-лейтенант Мұрат Жәлелұлы Майкеев оқу жылын қорытындылады. Түлектерді құттықтап, аттестат, төсбелгілер мен сыйлықтар табыстады.

Соңғы жаңалықтар