Неміс суретшісі Герхард Рихтер төрт картинасын қайырымдылыққа берді

АСТАНА. KAZINFORM – Заманауи өнердің ең ықпалды өкілдерінің бірі, неміс суретшісі Герхард Рихтер қайырымдылық аукционына төрт жаңа картинасын ұсынды. Бұл туралы жергілікті DW хабарлады.

Герхард Рихтер
Фото: Oliver Berg/dpa

Суретші туындыларды жеке өзі табыстаған. Аукционнан түскен қаражат Housing First жобасына бағытталады. Аталған бастама баспанасыз адамдарды тұрақты тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейді.

Ұйымдастырушылар жиналған қаржы жаңа пәтер сатып алуға жеткілікті болады деп отыр. Әр картинаның бастапқы бағасы 20 000 еуродан басталады.

Суретші Дюссельдорфта білім алып, осы қалада шығармашылық жолын бастаған. Ол ұзақ жылдар бойы жергілікті қайырымдылық ұйымын қолдап келеді. 2015 жылы өзінің 30 абстрактілі картинасын толықтай қайырымдылыққа беріп, әрқайсысы 80 000-130 000 еуро аралығында сатылған. Бұл қаражат ұйымның тұрғын үй қорын қалыптастыруға негіз болған.

«Housing First» жобасы баспанасыздықтан шығудың басты шарты – алдымен адамға тұрақты баспана беру деген қағидатқа сүйенеді. Кейін әлеуметтік және кәсіби қолдау көрсетіледі.

Ұйымдастырушылар аукцион тек қаржы жинауды ғана емес, сонымен қатар қоғам назарын баспанасыздық мәселесіне аударуды мақсат ететінін атап өтті.

2013 жылы Герхард Рихтердің жұмысы 37 миллион долларға сатылғаны хабарланды

Соңғы жаңалықтар
Референдум