Neo Nomad визасы: Қазақстан цифрлық көшпенділерді несімен қызықтырады
АСТАНА. KAZINFORM – Сапалы интернет, қауіпсіз орта, өмір сүру құнының төмендігі және табиғи орындардың алуан түрлілігі Қазақстанды цифрлық көшпенділер үшін тартымды бағыттардың біріне айналдырып отыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашевтың айтуынша, Қазақстанда тұру және күнделікті қызметтерді пайдалану құны бірқатар шетелдік мемлекетпен салыстырғанда қолжетімді.
– Бұл ұзақ мерзімге келетін мамандарға баспана жалдау, көлікпен жүру және күнделікті қажеттіліктерге жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ цифрлық көшпенділер үшін интернет сапасы да маңызды. Қазақстанда цифрлық және қалалық инфрақұрылым қалыптасқан, ал ірі қалаларда қашықтан жұмыс істеуге қажет байланыс пен қызметтер қолжетімді, - деді ол.
Сонымен қатар ол шетелдік мамандар елде қауіпсіз жағдайда тұрып, жұмысын жалғастыра алатынын да еске салып өтті.
– Neo Nomad визасының иелері Қазақстанда бір жылға дейін болып, осы аралықта елге бірнеше рет кіріп-шығуға құқылы. Олар Қазақстанда жүргенімен, шетелдік жұмыс берушіде жұмыс істеуін немесе шетелдегі тапсырыс берушілерге қызмет көрсетуін жалғастыра береді, - деді Айдын Қапышев.
Сондай-ақ ол табиғи және туристік орындардың көптігі де бағдарламаның артықшылықтарының бірі саналатынын атап өтті. Цифрлық көшпенділер жұмыстан бос уақытында таулы аймақтарға, ұлттық парктерге, көлдер мен курорттық өңірлерге саяхаттай алады. Осылайша олар жұмыс пен саяхатты қатар алып жүруге мүмкіндік алады.
– Neo Nomad визасы туралы ақпарат шетелде бірнеше арна арқылы таратылады. Оны Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның басқа мемлекеттердегі елшіліктері мен консулдықтары арқылы насихаттайды. Туризм саласына жауапты министрлік те елдің туристік мүмкіндіктерін таныстыру кезінде осы бағдарлама туралы мәлімет береді. Визаға қатысты ақпарат ресми интернет-ресурстарда жарияланып, шетелдік нарықтардағы аудиторияға жеткізіледі. Қашықтан жұмыс істеу кең тараған АҚШ, Ұлыбритания және Канада азаматтарының қызығушылығы жоғары екені байқалады, - деді комитет төрағасының орынбасары.
Ол бағдарлама жақында іске қосылғандықтан, әзірге оны түбегейлі өзгерту жоспарланбағанын атап өтті. Алдымен визаны қолдану тәжірибесі зерттеліп, қолданыстағы тетіктің тиімділігі бағаланады.
– Талдау нәтижесіне қарай бағдарламаны жетілдіру, шетелдегі ақпараттық жұмысты күшейту және Neo Nomad визасының танымалдығын арттыру мәселелері қаралуы мүмкін. Алайда алдағы жылдары Қазақстанға қанша цифрлық көшпендіні тарту көзделіп отырғаны жөнінде нақты нысаналы көрсеткіш әзірге бекітілген жоқ, - деді ол.
Айта кетейік, Neo Nomad визасы Қазақстанда 2024 жылғы қарашада іске қосылды. Ол шетелдік компанияда қашықтан жұмыс істейтін немесе шетелдегі тапсырыс берушілерге қызмет көрсетіп, табысын басқа елден алатын азаматтарға арналған.
Бүгінге дейін Neo Nomad визасын 19 елдің 73 азаматы алған.