Непал Эверестті қоқыстан тазартуға арналған «сәтсіз» бағдарламаны тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Эвересттен қоқысты төменге түсіруге альпинистерді ынталандыруды көздеген бағдарлама тоқтатылады. Непал билігі ВВС-ге бұл бастаманың сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеді.

Эверест, қоқыс, қалдық, мусор
Фото: techinsider.ru

Бағдарламаға сәйкес, альпинистер 4 000 АҚШ доллары (2 964 фунт стерлинг) көлемінде кепілдік жарна төлеуі тиіс еді. Бұл қаражат тек олар өздерімен бірге Эвересттен төменге кемінде 8 келі қалдық алып түскен жағдайда ғана қайтарылуы керек еді.

Билік өкілдері бұл шара әлемдегі ең биік шыңдағы қоқыс мәселесін шешуге бастама болады деп үміттенген. Сарапшылардың бағалауынша, Эверест шыңында шамамен 50 тоннадай қоқыс жатыр.

Алайда 11 жыл өткен соң, қоқыс көлемі әлі де артып келе жатқанына қарамастан бағдарлама айтарлықтай нәтиже бермей, орта жолда тоқтатылып отыр.

Туризм департаментінің директоры Химал Гаутам ВВС-ге берген сұхбатында қоқыс мәселесі тек шешілмей қалған жоқ, сонымен қатар кепілдік жарна жүйесінің өзі әкімшілік тұрғыдан ауыр жүкке айналғанын айтты.

Туризм министрлігі мен альпинизм департаментінің өкілдері ВВС-ге соңғы жылдары кепілдік ретінде жиналған қаражаттың басым бөлігі альпинистерге қайтарылғанын хабарлады. Бұл көпшілігі қоқысты төменге түсіргенін білдіруі тиіс еді.

Алайда бұл жүйе сәтсіздікке ұшырады деп есептеліп отыр. Себебі альпинистер әкелген қоқыс бұл мәселе ең күрделі болып отырған жоғары лагерьлерден емес, әдетте, төменгі лагерьлерден жиналған. 

«Биік таулы лагерьлерден адамдар көбіне тек оттегі баллондарын алып түседі», деді Эвересттегі бақылау-өткізу пунктін басқаратын Сагарматха қоршаған ортаны ластауды бақылау комитетінің бас директоры Цхеринг Шерпа. «Ал шатырлар, консерві банкалары, оралған азық-түлік пен сусындардың қораптары сияқты басқа заттар негізінен сол жерде қалып қояды. Сондықтан біз ол жақта қоқыстың осыншама көп жиналғанын көріп отырмыз», деді ол.

Шерпаның айтуынша, альпинист тауда акклиматизация мен шыңға шығу үшін шамамен алты аптаға дейін болатындықтан, орта есеппен 12 келіге дейін қалдық шығарады.

Аймақтағы билік өкілдері альпинистерден өздері өндірген қоқыстан аз мөлшерде қалдық әкелуді талап ететін «қате ережеден» бөлек, басты мәселе бақылаудың жоқтығында екенін атап өтті.

«Кхумбу мұзды сарқырамасының үстіндегі бақылау-өткізу пунктінен басқа, альпинистердің іс-әрекеттерін тексеретін ешқандай бақылау жоқ», деді Цхеринг Шерпа.

Непал билігі ендігі енгізілетін жаңа жүйе бұрынғысынан тиімді болады деп үміттеніп отыр.

Айта кетейік, Брюссельде фермерлер наразылығынан кейін 50 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Соңғы жаңалықтар