Нетаньяху: Израиль енді АҚШ қолдауын қажет етпейді
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ тарапынан Израильге көрсетілетін қаржылық қолдауды тоқтатуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол ел экономикасы қазір Американың қолдауынсыз өмір сүре алатындай күшті екенін алға тартты, деп хабарлайды News18.
— Мен Американың көмегін тоқтатқым келеді. Бұл жұмыссыздыққа берілетін жәрдемақы сияқты, мен мұны қаламаймын. Біздің экономикамыз енді шағын экономика емес… біз АҚШ-тан алатын ЖІӨ үлесін өзіміз қаржыландыра аламыз. Мен бұл процестің биыл басталуын қалаймын, — деді Нетаньяху.
Нетаньяху бұл мәлімдемені қауіпсіздік мәселелері, Палестина мәселесі, Газа секторы, Иран және Ливан бойынша өз үкіметінің ұстанымын баяндай отырып жасады.
— Израиль — еврей халқының ұлттық мемлекеті. Мұнда Палестина мемлекеті болмайды, — деді ол.
Сондай-ақ премьер-министр Израиль белсенді қауіпсіздік саясатын жүргізуді жалғастыратынын мәлімдеді.
— Газа секторындағы қоныстарды қалпына келтіру мәселесіне келсек, алдымен іс-қимыл жасау керек, содан кейін ғана бұл туралы айту қажет. Кейде осы екеуін бір-бірінен ажырата білген дұрыс. Сондықтан бұл тақырыпқа қатысты қосарым жоқ, — деді ол Ғаза секторындағы израильдік қоныстарды қайта қалпына келтіру мүмкіндігі туралы пікір білдіре отырып.
Жалпы мемлекеттік саясат туралы айта отырып, Нетаньяху мемлекеттік басқару өнері тек ішкі саясатпен шектелмейтінін айтты.
— Мен бүкіл әлемге әр жолы бәрін айтып отыруға міндетті емеспін, — деді ол.
Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеті пікір білдірді.
— Біз өзімізді қорғау үшін Иранға екі рет басып кірдік. Қажет болса, мұны үшінші рет те жасаймыз, — деді Нетаньяху.
Нетаньяху Израиль әскері «Хезболла» оларға қауіп төндірмейінше, Ливанда қалатынын мәлімдеді.
— Біз Ливаннан кеткен жоқпыз. Біз негізінен Ливанмен шекарадан шамамен 10 шақырым жердегі қауіпсіздік белдеуін Ливан үкіметінің келісімімен құрдық. Әрине, «Хезболла» өкпелі. Иран туралы да солай айтуға болады, — деді Биньямин Нетаньяху.
Сейсенбі күні Нетаньяху Ливанның оңтүстігіндегі Израиль әскерлеріне барып, ел күштері Иран қолдаған «Хезболланың» қаупі жойылғанша сол жерде қалатынын мәлімдеді.
Оның мәлімдемесі Ливан мен Израиль АҚШ-тың делдалдығымен бейбітшілік орнатуға және «Хезболланы» қарусыздандыруға бағытталған негіздемелік келісімге қол қойғаннан кейін бірнеше күн өткен соң жасалды.
Келісімге сәйкес, Израильдің басып алынған Ливан аумағынан кез келген шегінуі тек Бейруттың Ливан әскери күштері билікті «Хезболладан» өз қолына алатын «пилоттық аймақтарды» құру шартымен ғана мүмкін болады.
Бұған дейін Тегеран, Вашингтон және Бейрут Ливандағы бейбітшілік келісімін қамтамасыз ету үшін бірлескен комитет құратыны хабарланған болатын.