Нетаньяху келесі сайлауда Израиль премьері қызметіне қайта үміткер болатынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 2026 жылы өтетін парламенттік сайлауда премьер-министр лауазымына қайта үміткер болатынын жариялады, деп хабарлайды Синьхуа.

Биньямин Нетаньяху
Фото: Zuma / ТАСС

Бұл туралы ол израильдік Channel 14 телеарнасына берген сұхбатында айтып, жеңіске жететініне сенімді екенін де атап өтті.

Еске салайық, 2022 жылғы сайлауда Нетаньяхудың оңшыл «Ликуд» партиясы 120 орынның 32-сін иеленіп, 64 депутат Кнессетте оған үкімет құруды ұсынған болатын. Сол жылдың желтоқсанында ол қайтадан премьер-министр қызметіне кірісіп, қазіргі таңда ультраоңшыл коалицияны басқарып отыр.

Алдағы аптада 76 жасқа толатын саясаткер бұған дейін Израильдің премьер-министрі қызметін екі мәрте атқарған: алғаш рет 1996-1999 жылдары, кейін 2009-2021 жылдары. 2021 жылы ол Яир Лапид пен Нафтали Беннет құрған центристік коалиция нәтижесінде биліктен кеткен еді.

Айта кетейік, Газа секторында қаза тапқан тағы екі тұтқынның мәйіті Израильге жеткізілді.