Нетаньяху кеңсесі: Израиль Доха шабуылы үшін жауапкершілікті толық өз мойнына алды

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Биньямин Нетаньяху кеңсесі Дохаға жасалған шабуылдың басталғанын және ол үшін толық жауапкершілікті ел өз мойнына алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Al Jazeera.

Израиль берет на себя полную ответственность за атаку в Дохе: офис Нетаньяху
Фото: РИА Новости

— Бүгінгі ХАМАС лаңкестерінің жетекшілеріне қарсы акция Израильдің тәуелсіз операциясы болды, — делінген Нетаньяху кеңсесінің әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде.

Израиль оппозициясының қазіргі басшысы Яир Лапид Дохадағы шабуылды жоғары бағалады.

— Әуе күштерін, ЦАХАЛ, ШАБАК және барлық қауіпсіздік күштерін жаудың әрекетін тоқтатуға арналған ерекше операциясы үшін құттықтаймыз, — деп жазды Лапид әлеуметтік желіде.

Сейсенбі күні Қатар астанасы Дохада бірнеше жарылыс болды. Израиль қорғаныс күштері бұл ақпараттан кейін көп ұзамай ХАМАС тобының жоғарғы басшылығына шабуыл жасағанын хабарлады. Al Jazeera-ның хабарлауынша, Дохадағы шабуыл Газа секторындағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздерге қатысып жатқан палестиналық ХАМАС қозғалысының делегациясын нысанаға алған.

ЦАХАЛ бейбіт тұрғындарға келтірілген шығынды шектеу үшін шаралар қабылданғанын айтты. Шабуылдың салдары туралы хабарланған жоқ.

Алайда, Al Arabiya агенттігінің хабарлауынша, Газа секторындағы ХАМАС қозғалысы жетекшілерінің бірі Халил әл-Хейя Израильдің Дохаға жасаған соққысынан қаза тапқан.

Қатар билігі шабуылдың ХАМАС мүшелері тұратын үйлерді нысанаға алғанын және Израильдің әрекетін айыптағанын айтты.

Қатар Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Маджид әл Ансари «бұл қылмыстық шабуыл барлық халықаралық заңдар мен нормаларды өрескел бұзу және қатарлықтар мен Қатар тұрғындарының қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді» деді.

— Қатар Израильдің ұқыпсыз әрекетіне және аймақтық қауіпсіздікке нұқсан келтіруін жалғастыра беруге, сондай-ақ оның қауіпсіздігі мен егемендігіне бағытталған кез келген әрекеттерге жол бермейді, — деді әл-Ансари.

Оның айтуынша, Қатар «жоғары деңгейде» тергеу жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль билігінің Дохадағы әскери әрекетін айыптағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар