Никосия Еуропаның 2026 жылғы ең үздік мәдени бағыты деп танылды

АСТАНА. KAZINFORM — Кипр астанасы Никосия 2026 жылға арналған Еуропаның ең үздік туристік бағыттары рейтингінде бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды euronews.

Никосия
Фото: el.wikipedia.org

Никосия туризм кеңесі (ETAP) қаланың 2026 жылғы Еуропаның ең үздік туристік бағыттары рейтингінде Еуропаның ең үздік мәдени астанасы ретінде көш бастағанын хабарлады.

Сарапшылардың шешімі көпдеңгейлі бағалауға негізделген. Бағалау барысында сандық деректер, мәдениет саласындағы журналистер мен туристік БАҚ өкілдерінің пікірлері, сондай-ақ 130-дан астам елден келген мыңдаған саяхатшының бағасы ескерілген.

Никосия туризм кеңесінің мәлімдемесінде бұл жоғары мәртебе Forbes журналының бағалауымен де расталғаны айтылған. Басылым Никосияны Еуропадағы ең ірі он мәдени қаланың ішінде бірінші орынға қойып, оны 2026 жылдың басты мәдени бағыты деп атаған. Мәлімдемеде Никосияның ерекше мәдени болмысы бар қала екені, мұнда тарих, заманауи шығармашылық пен күнделікті өмір үйлесім тапқаны атап өтіледі. Қала өткенді сақтап қана қоймай, оны шығармашылық тұрғыда қайта жаңғыртып келеді.

ETAP дерегінше, бұл жетістік Кипр астанасының муниципалитеті және European Best Destinations ұйымымен тығыз әріптестікте жүзеге асырылған мақсатты стратегиялық бастамалар мен жүйелі жұмыстың нәтижесі саналады.

— Никосияның 2026 жылға арналған Еуропаның ең үздік мәдени астанасы ретінде танылуы «қаланың халықаралық беделін айтарлықтай күшейтеді, оның мәдениет, шығармашылық және тұрақты қалалық туризм салаларындағы әлеуетін дәлелдейді әрі халықаралық деңгейде ілгерілету мен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», — деп қорытындылады Никосияның мәдени туризм басқармасы.

Бұдан бұрын биыл Кипр Еуропалық Кеңеске төрағалық етуге кіріскенін жазған едік.