«Номад» командасы шайбалы хоккейден Құрлық кубогының финалына шықты
Қазақстандық «Номад» командасының қатысуымен өтетін Құрлықтық кубоктың финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Астаналық ұжым аталған турнирдің үшінші турында Латвияның «Земгале» командасын 4:1 есебімен сүріндірді. Олардың қатарынан Николай Шульга (екі гол), Диас Гусейнов пен Максим Мусоров гол соқты.
Айта кетсек, бұдан бұрын астаналық команда турнир барысында Ұлыбританияның «Кардифф Девилз» клубынан 5:4, Францияның «Гренобль» командасынан 2:0 есебімен басым түсті.
Енді Фёдор Полищуктің шәкірттері турнирдің финалдық сатысына жолдама алды. Жарыстың аталған сатысы 2024 жылдың 12-14 қаңтар аралығында өтеді.
Номад (Астана, Қазақстан) - Земгале (Елгава, Латвия) 4:1 (1:0, 2:0, 1:1)
1:0 - Шульга (Шетле, Мусоров) - 05:52 ГБ
2:0 - Гусейнов (Гатиятов, Царёв) - 31:54
3:0 - Мусоров (Шульга) - 34:22
3:1 - Андерсонс (Криштинс, Круминс) - 49:31
4:1 - Шульга (Оспанов, Мусоров) - 50:42
Қақпашылар: Бояркин - Цимерманис (Баярунс-Галейс, 40:00 - 60:00).
Құрлықтық кубок Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аясында 1997 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қазірге дейін еліміздің атынан қатысқан Көкшетаудың «Арлан» командасы 2018/2019 жылғы турнирде бас жүлдені жеңіп алды.
Әртүрлі жылдарда «Бейбарыс» (Атырау), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Номад» (Астана) екінші орынға жайғасса, «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) қола жүлдегер атанған еді.