Норвегиядағы Винстра қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осло қаласында Норвегия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының ашылуына байланысты салтанатты қабылдау ұйымдастырылды. Құрметті консулдық Шығыс Норвегияның батыс бөлігіндегі Оппланн губерниясының Винстра қаласында орналасып, сонымен қатар басқа бес губернияны қамтитын болады.

Норвегиядағы Винстра қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға бизнес-элитаның, қала әкімшілігінің, сараптамалық орталардың өкілдері және көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.

Құрметті консул, көрнекті кәсіпкер Кристиан Миккель Доблоуг өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, жоғары технологиялық өндірістің, денсаулық сақтаудың және білім берудің орталығы болып табылатын Норвегияның осы маңызды аймағында қазақстандық мүдделерді алға ілгерілетуге ықпал ететін болады.

М. Доблоугтың биржалық операциялар, сауда, жылжымайтын мүлікке инвестициялар және бағалы қағаздар саласында маманданған компанияларды басқаруда үлкен тәжірибесі бар, сондай-ақ ол фермерлікпен және бұғы өсірумен айналысады. Норвегияның саяси өміріне белсенді түрде араласады, қайырымдылық істермен айналысады, бірқатар мәдени қорлардың құрылтайшысы болды.

Норвегиядағы Қазақстанның Елшісі Қайрат Әбусейітов өз сөзінде құрметті консулдың қызметі, іскерлік байланыстарды, жаңа әріптестерді, инвесторларды іздестіруге, сонымен қатар Қазақстан және Норвегия арасындағы мәдени байланыстарды кеңейтудің дамуына ықпал ететін болады деп атап өтті.